Тараздағы студенттік театр жаңа қойылымын сахналады

Пьесада ауылдан қалаға келген қыздың өмірден көрген қиындығы бейнеленген. Мектепті кеше ғана бітірген өрімдей бойжеткен қиын да соқпақты жолдардың азабын тартады.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Жансарай» жастар театры Исраил Сапарбайдың «Ауылдан келген ару» пьесасын сахналады. Бұл студенттік өнер ұжымының репертуарындағы төртінші қойылым, деп хабарлайды zakon.kz, ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Пьесада ауылдан қалаға келген қыздың өмірден көрген қиындығы бейнеленген. Мектепті кеше ғана бітірген өрімдей бойжеткен қиын да соқпақты жолдардың азабын тартады. Оқиға желісі екі жастың арасында өрбіп, сан түрлі мінез-құлық иелерінің образын ашады. Театр режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова. Ол болашақта махаббат пен достықтың қаншалықты құдіретті күш, ұлы сезім екенін ұғындыратын және жұртшылықтың көңіл төрінен орын алған классикалық қойылымдар сахналанатынын айтады.

Пьесаны тамашалауға келген институт ректоры Дария Қожамжарова қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, өнер ұжымына ыстық ілтипатын жеткізді.

– «Жансарай» театрының алға қойған мақсаты биік. Театр құрамындағы әрбір студент болашақта қазақ өнерінің аспанындағы жарық жұлдызға айналуды мақсат еткен. Дана халқымыз «Болайын деген баланың, бетін қақпа белін бу» дейді. Өнер жолындағы қадамдарыңызға сәттілік тілеймін. «Жансарай» жастардың шығармашылығын шыңдауға, олардың кәсіби тұрғыда өсуіне ұйытқы болатынына сенімім кәміл, – деді Дария Қожамжарова.
Ашылғанына 8 жылдың жүзі болған «Жансарай» театры бұған дейін Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», Б. Ұзақовтың «Жанұя» және И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы» спектакльдерін көрермен назарына ұсынған болатын. Бүгінгі таңда театр студенттері «Айша бибі» атты тарихи қойылымға дайындалуда.

Фото: ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі


Следите за новостями zakon.kz в: