Алқабилер институты тараптар
бәсекелестігіне жол ашты
Алқабилер соты, қатал сынға қарамастан, дамыған елдердің сот жүйесінде сот өндірісінің анағұрлым демократиялы және әділ түрі ретіндет қалыптасты.
Біздің елімізде де саяси - әлеуметтік ортаның өзгеруі, мемлекетіміздің демократия жолында қол жеткізген жетістіктері мен бүгінгі заман талабы алқабилер сотының жұмыс жасауын қажет етті. Бүгінгі таңда сот жүйесінің қызметін өркениетті елдердің талаптарына сәйкестендіруде барлық шаралар жұмылдырылуда.
Қылмыстық сот ісін жүргізуге, Қазақстан Республикасы Конституциясының 75 бабында қарастырылған, алқабилердің қатысуын енгізу заңды сот әділдігі саласында халықаралық стандартқа сәйкестендіруге мүмкіндік берді және сот процесіне қатысушылардың құқықтық қорғалуын елеулі түрде жаңа деңгейге көтерді.
Сөйтіп, 16 қаңтар 2006 жылы қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, алқабилердің құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олардың қызметін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын «Алқабилер туралы» Заң қабылданды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексіне алқабилердің қатысуымен іс жүргізу өндірісі бойынша жалпы ережелерді, сот мәжілісін тағайындаудың ерекшеліктерін, сот талқылауына қатысу үшін алқабилерге кандидаттарды іріктеу рәсімін, істі алқабилердің қатысуымен талқылау ерекшеліктерін реттейтін толық бір бөлім енгізілді.
Қазіргі таңда соттардың қоғамдағы беделі мен мәртебесін арттыруға бағытталған құқықтық реформа жолындағы қадамдар одан әрі жалғасын табуды. Қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарау сот жүйесін жетілдірудің қол жеткен жетістіктерінің бірегейі және маңыздысы деуге болады.
2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының сот жүйесіне алқабилер институты енгізілгелі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі демократиялық жаңа бағыт пайда болды.
Соңғы уақытта сот билігінің ашықтығы, демократиялылығы туралы әңгіменің жиі айтылатыны белгілі. Соның нәтижесінде сот төрелігін жүргізуге қарапайым халықты тарту мәселесі алға қойылып, 2007 жылдан бері республика аумағында аса ауыр қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарайтын институт қалыптасты. Сонымен, ашықтық пен демократиялылықтың үлгісі ретінде алқабилердің қатысуымен өтіп жатқан бүгінгі соттардың жалпы жағдайлары қалай, олар қандай қиындықтармен бетпе-бет келуде?
Алқабилер сотының жетістіктері.
Алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстардың кейбір категориялары қаралады және ол туралы сотталушының өзі тілек білдірген жағдайда ғана.
Өткен сегіз жыл қылмыстық сот ісін жүргізудің бұл моделі сот төрелігін жүзеге асыруға халық өкілдерінің қатысуының қажетті нысаны болып табылады деп тұжырымдауға негіз береді. Істің нәтижесі, сотта зерттелген дәлелдемелермен қоса, сөзсіз - қылмыстық процестегі тараптардың, оның ішінде, прокурор мен қорғаушының соттағы сөзі қаншалықты дәлелді, сендірерлік және негізді болуына, олардың ұстанымы қаншалықты сауатты және әділ болуына байланысты. Атап айтқанда, осы алқабилер сотының өндірісі шеңберінде іс бойынша тараптардың бәсекелестігі қағидасы көбірек (бірқатар) дәрежеде жүзеге асырылады, жетілдіріле түсті. Бұның өзі мемлекеттік айыптаушыдан және қорғаушыдан жоғары кәсіпқойлықты, жеке жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, алқабилер қатысатын сот процесінде қылмыстық іс жүргізу заңының «тараптардың бәсекелестігі және тең құқықтылығы» принципі жаңарып неғұрлым сапалы деңгейде қолданыла бастады. Тараптар дәлелдемелерді ұсынуға және зерттеуге, өз ұстанымдарын қолдауға анағұрлым жауапты қарайтын болды.
Алайда, алқабилер соты өндірісі біраз көкейтесті мәселелердің де басын ашты. Соның бірі - алқабиге кандидаттардың тізімін қалыптастыру.
Алқабилердің қатысуымен сот төрелегін
жүзеге асыруда орын алған кемшіліктер.
Сот процесін алқабилердің қатысуымен өткізуді ұйымдастыруға байланысты, алқабиге кандидаттардың тізімін қалыптастыру барысында, туындайтын мәселелер.
Алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу процесі облыстық сот төрағасының жергілікті атқарушы органға алқабиге кандидаттардың қажетті саны туралы ұсыныс жолдауынан басталады. Ұсыныс алқабилерді іріктеу жүргізілетін жыл алдындағы жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмей жіберілуі керек.
«Алқабилер туралы» 16.01.2006 жылғы №121 санды ҚР-сы Заңының 4 бабына сәйкес (әрі қарай Заң) Жергілікті атқарушы орган, яғни облыстық әкімият жыл сайын 1-ші желтоқсанына дейін алқабиге кандидаттардың бастапқы, бірыңғай және қосалқы тізімдерін жасайды.
Осы кезеңнің өзінде-ақ елеулі кемшіліктер жіберіледі.
Жергілікті атқаршы орган соттан ұсыныс алған күннен бастап 1 ай мерзімде сол әкімшілік-аумақтық бірлікте тұрақты тұратын сайлаушылар тізімдерінің негізінде, алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмейтін адамдарды тізімнен шығарып тастау арқылы алқабиге кандидаттардың алдын-ала бастапқы тізімін жасайды. Содан соң 7 күн мерзім ішінде азаматтардың жергілікті атқарушы органның ғимаратында алқабиге кандидаттардың алдын-ала бастапқы тізімімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуі, тізімдегі қателер мен дәлсіздіктер туралы өтініштерді қарауы және оған тиісті өзгерістер енгізу туралы мәселелерді шешеуі керек.
Алқабиге кандидаттардың қосалқы тізімін жасау рәсімі де осындай.
Алқабиге кандидаттарды бастапқы тізімнен кездейсоқ таңдау арқылы бірыңғай тізім жасалады. Бірыңғай және қосалқы тізімдерді құрастырған соң жергілікті атқарушы орган облыстық сотқа жолдайды.
«Алқабилер туралы» ҚР-сы Заңының 10 бабының талабына сай алқабиге кандидаттар тізімдеріне
1) алқабилер тізімдерін жасау кезінде 25 жасқа толмағандар,
2) өтелмеген не алынбаған соттылығы барлар,
3) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдар,
4) судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері,
5) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғандар енгізілмейді.
Алқабиге кандидаттардың тізімдерінен:
1) қылмыстық іс бойынша сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдар,
2) өздерінің дене кемістігі немесе психикалық кемістігі салдарынан алқабидің міндеттерін атқаруға қабілетсіз адамдар,
3) жасы 65 жастан асқан адамдар,
4) діни қызметшілер өздерінің жазбаша өтініші бойынша алып тасталады.
Жергілікті атқарушы орган алқабиге кандидаттардың алдын-ала тізімдерін үнемі тексеруге талапқа сай келмейтін адамдарды тізімдерден шығарып тастай отырып, қажет болған кезде оларға өзгерістер енгізуге міндетті.
Алайда, іс жүзінде сотқа жолданған тізімдерде қайтыс болған, аумақтан шығып кеткен, немесе заңның тыйым салу талабына байланысты алқаби міндетін атқара алмайтын ондаған кандидаттар бар болатыны орын алған.
Судьялар алқабиге кандидаттарды іріктеу барысында азаматтарды шақыртуға байланысты қиыншылықтармен кездесті, себебі олардың көбісі сотқа шақыру қағазы бойынша келмейді. Бұл жергілікті билік органы жасаған тізімдерде кандидаттардың мекен-жайы дұрыс көрсетілмеуі салдарынан болды. Кандидаттардың бірыңғай тізіміне облыс және ел шегінен шығып кеткендер, көрсетілген мекен-жайда тұрмайтындар, құқық қорғау құрылымының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер және т.б. енгізілген жағдайлар да болды.
Алқабиге кандидаттар тізімінің сапасыз жасалуы кейін кандидаттардың сот мәжілісіне келмеуіне, немесе олардың қойылған талаптарға сәйкес келмеуіне әкеп соқтырады. Мысалы, Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандарылған ауданаралық сотында осы жылы алқабилердің қатысуымен қаралған 2 қылмыстық істің әрқайсысы бойынша 150 кандидаттан шақырылған. Ал сот мәжілісіне келіп іріктеу рәсіміне қатысқандары ҚР-сы ҚК-нің 120 бабының 4 бөлігімен сотталған Б.Ж.Мулдагаринге қатысты іс бойынша - 59 кандидат, ҚК-тің 121 бабының 4 бөлігімен сотталған М.А.Раушанқосовқа қатысты іс бойынша - 44 кандидат.
Алқабиге кандидаттардың соттың хабарламасы бойынша келмеуі алаңдатады. Азаматтардың біразы сотқа белгісіз себептермен келмейді. Бұған азаматтардың құқықтық санасы деңгейінің жеткіліксіздігі, жеке азаматтардың азаматтық борышын толық сезінбеуі ықпал етті деп ойлаймын. Сотқа келу туралы жазбаша хабарлама алып тұрып, дәлелсіз себептермен, сотқа келмеген кандидаттарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, құжаттар жасақталып, Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Аталған соттың қаулысымен 2010 жылы 10 кандидат, 2011 жылы 7 кандидат, 2012 жылы 1 кандидат, 2013 жылы 11 кандидат әкімшілік жауапқа тартылып, әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Аталған мән-жайлар атқарушы билік органы жергілікті жерде кандидаттардың тізімдерін жасауға үстірт қарайтындарын, оларды тізімге енгізілгендігі туралы хабардар етпейтіндігін айғақтайды. Әкімшіліктер әкімдік ғимаратында осындай тізімдерді ілумен ғана шектеледі.
Осы мәселенің дұрыс шешімін табу мақсатында жергілікті атқарушы органның қызметкерлері, құқық қорғау органының, наркологиялық, психоневрологиялық диспансер қызметкерлері шақырылып, бірнеше рет дөңгелек үстелдер өткізілді. Сондай-ақ, сотта алқабиге кандидаттарға «Алқаби туралы» Заңның нормалары мен қазіргі кездегі алқабилер сотының ерекшелігі, артықшылығы, маңыздылығы жөнінде құқықтық тұрғыдан үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Қазіргі уақытта алқабилер сотына берілген баға біркелкі емес.
Бұл институттың жетілмегендігі жөнінде қоғамда түрлі пікір айтылуда.
Біріншіден, алқабилер кәсіби заңгер емес. Шешім қабылдаған кезде олар «Жақсылық» пен «Зұлымдық», «Ар-ұят» пен «Әділдік» категорияларын басшылыққа алады. Ал құқықтық нормаларда бекітілген жалпыға бірдей міндетті ережелер қалыс қалып қойып жатады. Олардың заңды білмеуі және мағынасын түсінбеуі алқабилер алқасының тиісті түрде сот әділдігін жүзеге асыруын қиындатады.
ЕҚЫҰ-ның Адам құқығы және демократиялық институт жөніндегі бюросы сарапшыларының Қазақстан Республикасында алқабилердің қатысуымен сот талқылауына жүргізген мониторинг бойынша да бірқатар кемшіліктер анықталды. Соның бірі - алқабилер сотында айыптауды қолдайтын прокурордың роліне байланысты мәселе. Прокуратураның кейбір қызметкерлері істің алқабилердің қатысуымен қаралуын жақтырмайды, себебі іс құжаттарын неғұрлым мұқият зерделеуге, айыптау қорытындысын қайталап айтпай, тараптардың бәсекелестігі жағдайында тағылған айыптың дұрыстығын дәлелдеп алқабилер алдында сөз сөйлеп үйренуі керек. Жасыратыны жоқ, прокурорлар сот жарыссөзінде айыптау қорытындысын оқып беріп жеңіл құтылуға дағдыланған. Алайда, бұндай сөз сөйлеудің алқабилерге әсері мардымсыз.
Қазақстан Республикасында алқабилер институты 01.01.2007 жылы енгізілгенімен, алқабилердің қатысуымен сот процесін жүргізу кезінде кездесетін мәселелердің өзектілігі жойылмақ емес. Олардың бірі - сот талқылауында прокурордың және қорғаушының роліне байланысты мәселелер.
Сот талқылауы барысында жиі орын алатын мәселелер.
Істің нәтижесі сөзсіз - қылмыстық процестегі тараптардың, оның ішінде, прокурор мен қорғаушының соттағы сөзі қаншалықты дәлелді, сендірерлік және негізді болуына, олардың ұстанымы қаншалықты сауатты және әділ болуына байланысты. Бұның өзі мемлекеттік айыптаушыдан және қорғаушыдан жоғары кәсіпқойлықты, жеке жауапкершілікті талап етеді. Бұл орайда, қорғаушының ұстанымы әрдайым айқын, сөзі қарапайым халық өкілдеріне түсінікті, әрі сауатты болып келеді және прокурордың сөзінен әлдеқайда озып түседі.
Сондықтан, мемлекеттік айыптаушының алқабилер сотындағы роліне тоқталып өткім келеді.
Дәлелдемелерді ұсынудағы және оны зерттеу барысындағы прокурордың белсенділігі және кәсіби шеберлігі, өз ұстанымының дұрыстығына сендіре білуі - жасалған қылмыс үшін бұлтартпас жазаның қамтамасыз етілуінің маңызды факторы болып табылады.
Қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қараудың өзіндік ерекшеліктері бар және қылмыстық іс жүргізу заңында белгіленген нормалардан басқа, айыптаушы және қорғаушы тараптарға белгілі бір міндеттер жүктейді. Мысалы: алқабиге кандидаттар арасынан объективті шешім қабылдауға қабілетті тұлғаларды тани және таба білуі; алқабилердің сенімін оята білуі; сотта сұралатын адамдарға, нақты жауап реакциясын туындататын, анық, түсінікті және нақты (екі ұшты емес) сұрақ қоя білуі; сұрақтар алқабилерге түсінікті болуы керек; алқабилердің назарын өзіне аудара білуі және сендіре білуі. Прокурордың шешендік өнері (ораторское искусство) алқабилердің қатысуымен қылмыстық істі қарау барысында және сот жарыссөзінде - мемлекеттік айыптауды қолдаудың маңызды элементі болып табылады.
Алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот процесінде ұсақ-түйек болмайды, сондықтан сапалы алқабилер алқасын құру мақсатында, алқабилерді іріктеу рәсімі кезінде, аса ұқыпты болған жөн. Сотталушының айыбын дәлелдеу мемлекеттік айыптаушыға жүктелген. Сондықтан, айыптау мақсатының нәтижесі прокурордың кәсіби дайындығына және белсенділігіне байланысты.
Алайда, сот тергеуі барысында судьялар іске қатысушы прокурордың дауыс ырғағының төмендігі, айыпты қолдаудағы сенімсіздігі, сот өндірісінің тілін нашар меңгеруі салдарында көптеген қиындықтарға кездеседі. Өйткені прокурордың жәй, түсініксіз сөйлеуіне байланысты сұрақты естімегендері туралы алқабилердің шағымдарын тыңдауға тура келеді. Сондықтан, төрағалық етуші судья прокурорға дауысын шығарып сөйлеуі туралы жиі ескертіп отырады.
Іс бойынша тараптардың алқабилермен қаралатын сот талқылауына қатысудағы тағы бір ерекшелігі - олардың алқабилер алқасына жауап беруге ұсынылатын сұрақтардың құрылуына қатысуы. Сұрақтардың арнайы заң терминдерін пайдаланып қойылуы алқабилерді шатыстыруы мүмкін, сондықтан судья сұрақ парағының жобасын, заң білімі жоқ алқабилердің қабылдауына жеңіл түрде, яғни заң терминдерін қолданбай, қысқа түрде дайындайды. Мысалы: иемденіп алды - сатып алды, өткізді - сатты, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып - басқа тұлғамен күні бұрын келісіп.
Алайда кейбір прокурорлар мен адвокаттар сұрақ парағының жобасын талқылау кезінде заң термині мен саралау белгісі көрсетілмеген деп ескерту келтіретін кездері болады.
Сот жарыссөзіндегі сөз, істің нәтижесіне ықпал ететін - сот процесінің ерекше сатысы. Іс құжаттарын жақсы біліп, оны саралай алудан басқа, алқабилер сотындағы сөзі сапалы болуы керек. Іске қатысушылардың сот жарыссөзіне дайындалу деңгейі әртүрлі. Кейбірі сот талқылауының бұл сатысына тиісті көңіл бөлмейді. Ұзақтығы 1,5 - 2 сағат, жазбаша мәтіннен оқыған бір сарынды сөз, алқабилердің назарын істің негізгі мән-жайына, қажетті жерлеріне аударуға кедергі келтіріп қана қоймай, іс бойынша шешім қабылдау құқығына ие алқабилердің қызығушылығының жоғалуына әкеп соқтырады. Сот жарыссөзіндегі сөз әрдайым нақты, анық, ұғымды, қысқа және түсінуге оңай түрде ұсынылу керек.
Бұл мәселе төңірегінде де бірнеше рет дөңгелек үстелдер өткізіліп, прокурордың айыптау сөзіне аса көңіл аударуы керектігі жөнінде айтылды, себебі сөзі анық, әсерлі және оған таңдаулы шешендік сөз орамы, ойының, сөзінің өткірлігі, бейнелеп әсерлеушілігі және салыстырма жасауы тән болса, бұл сот төрелігі таразысын қажетті жаққа бұратын ұтымды дәлел болады. Сөз неғұрлым қысқа болуы керек. Прокурордың алқабилер сотындағы сапасыз не сенімсіз сөзіне байланысты тек сот әділдігінің мүддесіне ғана нұқсан келіп қоймайды, сонымен қатар, сот ораторы, бұл жерде прокурордың бедел-бейнесіне де нұқсан келеді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысының сапасыздығына байлынысты туындайтын мәселелер.
Жасыратыны жоқ, сотқа дейінгі тергеудің сапасы заң талабына жауап беретіндей деңгейде емес. Тергеудің кемшілігі мен қателіктері сот мәжілісінде анықталып біраз қиындықтарға душар ететіні де айқын. Ал бұндай жағдайлар алқабилер сотында өзгеше көрініс табады.
Оның ішінде өзектісі - заң талабына сай сотталушыға тағылған айып бойынша жауап беруге мүмкіндік берілген кезде, әдетте, кінәсін мойындамайтын сотталушы алдын-ала тергеудегі жауаптарынан бас тартып, ол жауаптарды тергеудің жол берілмейтін әдістерді қолданып қысымшылық жасап алғандығы туралы шағымданады және бұл арызды алқабилердің қатысуымен айтады. Бұндай жағдайларда судья алқабилерге «айтылғанды назарға алмауларын, себебі бұл уәж тексерілуге жататынын» айтып ескертеді. Алайда, бұндай ескертудің нәтижесі аз, себебі тергеу органының негативті жұмыс жасау әдістері алқабилердің сана сезімінде орнығып қалады.
Әдетте, алқабилер, алдын-ала тергеу кезінде алынған айыпты мойындап берген жауаптарға сенбейді. Бұны тергеудің заңсыз әдістерді қолданатыны туралы БАҚ хабарламаларына сүйеніп осындай шешімге келеді деп түсіндіруге болады. Осыған байланысты, тергеу қызметкерлеріне сезіктінің, айыпталушының айыпты мойындаған жауаптарынан басқа дәлелдемелер алу үшін өз жұмысын қайта қарауы керек.
Жауапкершілік судьяның мойнында.
Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер бойынша төрағалық етуші судья іс жүргізу заңы нормаларының бұзылуына жол бермеуге, әсіресе алқабилер соты өндірісіне қатысты ережелерді мұқият орындауға бар ынтасын салатыны хақ, себебі алқабилермен шығарылған үкімнің заңдылығы алдымен осы - іс жүргізу заңының ерекшеліктері бойынша тексеріледі. Сонымен қатар, судьяларды алаңдататын тағы бір мән-жай бар. Әдетте, алқабилер сотын таңдаған сотталушылардың 90 - 95 % еш уақытта өздерін «кінәлімін» деп есептемейді. Сондықтан, олар сот отырысының ең соңғы сәтіне дейін «мен кінәсізбін» дегенді айтып, Ішкі істер органының оперативтік қызметкерлері және тергеу органы тарапынан жасалған қысымшылық нәтижесінде тағылған айыпты мойындауға мәжбүр болғандығын алға тартып отырады. Бұндай жағдайда, іс бойынша айыптаудың жеткілікті дәлелдері болғанның өзінде алқабилердің кеңесу бөлмесінде дұрыс шешім қабылдауы екіталай. Сотталушының құқығын қорғап, соның сойылын соғып тұрған адвокаттың сөзіне (бұл қорғаушының міндеті) алқабилер «ылығып» кетеді. Ал судья алқабилерге түсініксіз сұрақтар бойынша кеңес бергеннен басқа, олардың шешіміне араласпайды, заңмен тиым салынған, олар дауыс беру кезінде тең құқықа ие. Алқабилер жаны ашып, сезімге беріліп, жеткілікті дәлелдерге қарамастан, сотталушыны ақтап жіберген кездері де аз емес, себебі алқабилер жоғары сатыларда бұзылған үкім үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Үкім алқабилер алқасымен шығарылғанымен судья жауапкершіліктен босатылмайды. Мүмкін бұл судьяның алқабилермен бірге кеңесу бөлмесінде сотталушының кінәлі не кінәлі еместігі мәселесін шешуге қатысуынан болар. Бұл мәселемен бүгінде біздің соттар бетпе-бет келіп отыр.
Аталған мән-жайлар қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қараудың ерекшеліктерін, алқабилердің қатысуымен сот процесін жүргізуді ұйымдастыру кезінде, сот мәжілісі барысында орын алған көкейтесті мәселелерді көрсетеді.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының судьясы Ажигалиева Г.С.