Жолдау және құқықтық даму мәселесі

Жолдау және құқықтық даму мәселесі

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ағымдағы жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында (бұдан әрі - Жолдау) қазақстандық қоғам мен мемлекет алдына үлкен міндеттер қояды.

Жолдаудағы міндеттер дамыған 30 елдің қатарына кіру стратегиясының қисынды жалғасы деуге болады.

Осындай келелі өзгерістердің негізі ретінде технологиялар, ұжымдық басқару, адами капитал, институттық өзгерістер сияқты тірек салалар мен оларға қажет тәсілдердің таңдалуы да маңызды.

Биылғы Жолдаудың бір ерекшелігі онда көрсетілген басымдықтардың құқықтық реттеуді қажет ететігінде. Мысалы, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы ұлттық заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеуді, жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамасына қажетті өзгерістер енгізуді; бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту - бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды; макроэкономикалық тұрақтылық - акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық басқаруды жақсартуды заңнамалық деңгейде бекітуді; адами капитал сапасын жақсарту - қажетті заңнамалық реттеуді енгізуді; институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күрес - жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді қажет етеді.

Сонымен қатар жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізу де уәкілетті мемлекеттік органдар мен құқықтық қоғамдастық алдына үлкен міндеттер қояды.

Олардың ең бастысы - осындай ауқымды іс-шаралардың да, ұлттық құқық жүйесінің де негізі болып табылатын Қазақстан Республикасының Конституциясына да өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Құқықтық тұрғыдан 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформа толық сипатта болмады. Мысалы, құқық теориясы мен тәжірибелік құқықтықтық тетіктер тұрғысынан Конституцияның 44-бабының 15) тармақшасы, 58-бабының 2-тармағы және тағы да басқа баптар, тармақтар мен тармақшалар мәселелі. Сонымен қатар, Конституцияның қазақ тіліндегі нұсқасындағы кемшіліктер қаншама! Олардың барлығы дерлік кезінде көрсетілді, мақалар жазылды, ұсыныстар берілді, бірақ қате норманы басшылыққа алу тәжңрибесі одан әрі жалғасуда.

Жолдаулық ағымдағы мәселе ретінде құқықтың нағыз үстемдігін қамтамасыз ету үшін күрделі түзету жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл жұмысты осы Жолдау мен өзге де ресми құжаттарды жүзеге асыру бойынша қабылданып жататын жоспарлар негізінде кешенді түрде атқару қажет. Бұл істе қоғам мен экономика салаларының бастарын шарпып өтпейтін кешенді жүйелі жұмыстарды жоспарлау керек. Сонда ғана Жолдауда, Қазақстан Республикасы Президентінің мақалаларында көрсетілген құқықтық негіздерді дамыту тапсырмалары толық орындалатын болады.

 

Н.М. Примашев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының профессоры міндетін атқарушы, заң ғылымдарының кандидаты.

 

 

 

 

 

 

 

 

Следите за новостями zakon.kz в: