Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - баршамызға ортақ іс
Сыбайлас жемқорлық - заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, бұл кесел біздің мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық нәрсе.
Сондай-ақ, жемқорлықтың дамып кеткендігі соншалық жасыруға да келмей қалды. Оны бұқара халық күнделікті өз бастарынан да өткізіп жатыр. Ұсақ-түйек бір жұмысты тындыру үшін де соны орындайтын адамның саусағының арасына аздаған тиын-тебен қыстырмасаң әр түрлі сылтау айтып апталап, кейде айлап жұмысыңды істемей діңкеңді құртады. Ал тиын-тебен беріп жіберсең ісің бір-екі сағатта-ақ бітіп шығады. «Түйені түгімен» жұтып жатқан сабаздарың қаншама. Олардың біреуі білінсе, біреуі білінбей жатыр. Ал, кейбіреулері шет елге қашып үлгерді.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Бұл кеселмен күресу үшін Қазақстандағы халықтың ерік-жігері сондай-ақ еліміздегі әр азаматтың түбегейлі ой ұстанымы қажет.
Ақтөбе облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының сот приставы Жандос Қайдаров