Тілге құрмет - Елге құрмет
Кеше ғана біздің бабаларымыз жете алмай, сан жылдар армандап өткен еліміздің тәуелсіздігіне бүгінде біздің қолымыз жетіп отыр, бұл дегеніңіз тәуелсіздіктің құнын түсінген жанға жетерлік. Алты Алаш анттасып, өз таңбаларын тасқа басқан қазақ еліміз. Ал енді сол аманат, сол бірлік халқымызға бүгін де ауадай қажет. Әрине, бұдан бері талай заман өзгерді, қоғам өзгерді және адамзаттың санасы да өзгерді. Ал тіл - адамның жаны, тілсіз адам мылқау болар еді.
Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекетімізді барша әлемге танытуда көптеген еңбектер атқаруда.
Елбасының: «Әрине, тіл мәселесі - уақыттың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен бәрі өз орнына келеді. Бұл орайда біздің басты байлығымыз - ел бірлігі екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек. Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалықты шуақты болмақ. Дүниеде қазақ деген ел барда қазақ тілі мәңгі жасай береді» - деген терең ойлары ана тіліміздің уақыт өте келе дамып өсетінін білдірсе керек. Өйткені, осы тіл мәселесі өз алдына өте «нәзік» болғандықтан оны мәжбүрлеп емес, тек шынайы ынталылықпен ғана іске асырылуы тиіс.
Содан да болар осы күні тіл мәселесі қоғамда көп талқыланатын тақырыпқа айналып отыр. Себебі, сол тіл тәуелсіздіктің тірегі. Ал, өз ұлтының тағдырына бей-жай қарамайтын кез келген адам мемлекеттік тілдің жайына алаңдайды. Біздің осы тәуелсіздігімізді алғанымызға 25 жыл уақыт өтті және біз өз жерімізді өзіміз басқарған елге айналдық осының өзі зор жетістік.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан тілдің мәртебесін іске асыру әлі де толығымен мүмкін болмай отыр. Оған себеп тілдің жер-жерде үйретілуі мен қолдануын жүзеге асырар тетіктің жеткілікті деңгейде іске қосылмауында жатырған болар. Ал, оны жүзеге асырудың заңды тетіктерін жетілдіру бүгінгі күннің талабы болып отыр.
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының 19-шы сессиясында: «Мемлекеттік тілді меңгеруге өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек. Еліміздегі он миллионнан астам қазақ түгел тіл игерсе, байлықтың үлкені осы болар еді. Бұл тіл баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!» - деген болатын.
Елімізде қазақ тілінің дамуы әлі де болса өз деңгейінде деп айтуға келмейді. Қазақ тілінің өркендей алмауына басқа ұлт өкілдері емес, алдымен өзіміздің кейбір қандастарымыз кінәлі. Сондықтан да ел қамында, мемлекеттік қызметте жүрген әрбір қандасымыз қазақ тілінің дамуына өзінің үлесін қосуы қажет.
Ата Заңымыздың 7-ші бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» - деп көрсетілген. Ендеше қазақпын деген қаны бар азамат Тілім - Тәуелсіздік тірегі, Тілім болашағым, Тілім мақтанышым деген биік сезімді мұрат етуі шарт.
Ақтөбе облысының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы А.Сабыров