Жаза тағайындаудың ерекшеліктері
Қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаннан кейін міндетті түрде қылмыстық жауаптылықтың туындайтыны және заңда көзделгендей оған қайдай да бір жаза тағайындалатыны анық. Жаза тек сотпен қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға ғана тағайындалады.
Жасалған қылмыс үшін жаза тағайындау әр судья үшін сот процесіндегі ең күрделі, маңызды және негізгі сатысы болып саналады.
Сот жаза тағайындау барысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қылмыстық кодексін (бұдан әрі ҚК-і), заңдарын және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын басшылыққа алады.
Қазақстан Республикасы Конституциясында белгіленгендей, барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де заңды күшіне енген сот үкімі болмай қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды.
Сотпен жаза тағайындаудың өз ерекшеліктері бар, яғни жасалған қылмысқа байланысты жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі оның мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы ескеріледі.
Сонымен қатар, сот қылмыстың ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын, қылмыстың қайталануын және оның түрлерін, қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезеңін, сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезіндегі қатысу дәрежесін, қылмыстық құқық бұзушылықтың мақсатына жету үшін оның әрекеттерінің маңызын және келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен мөлшеріне ықпалын, сол қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза тағайындау негіздерін де ескереді.
Қылмыстық кодексте жеке адамға, отбасы және кәмелетке толмағандарға, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің конституциялық құрылысына және қауіпсіздігіне, меншікке, қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы және т.б. қылмыстық құқық бұзушылықтар көзделген, яғни сотпен жаза тағайындау барысында жасалған қылмыстың түрлеріне де назар аударылады.
Сотпен қылмыстық топтардың құрамында қылмыстық құқық бұзушылықты, сыбайлас жемқорлыққа қатысты, террористік, экстремистік қылмыстарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған және түзелу жолына түсуді қаламайтын бұрын сотталған адамдар үшін заңмен көзделген қатаң жазалау шараларын тағайындау міндетті түрде талқыланады.
Сотталушының жеке басына қатысты мәліметтердің жазаның түрі мен мөлшерін белгілеу үшін елеулі мәні бар, сондықтан олар жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеледі. Сотталушының денсаулығын, еңбекке қабілеттілігін, еңбекке, білімге көзқарасын, соттылығы және отбасылық жағдайы туралы мәліметтер де анықталады.
ҚК-нің 53,54-баптарында көзделгендей жаза тағайындау кезінде сот әр сотталушыға қатысты оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды міндетті түрде үкімде көрсетеді.
ҚК-нің 55-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін тиісті бапта белгіленген төменгі шектен төмен жаза тағайындауға не қылмыстық құқық бұзушылық сараланған ҚК-нің бабының санкциясында көрсетілмеген жазаның неғұрлым жеңіл түрін тағайындауға немесе міндетті жаза ретінде көзделген қосымша жазаны қолданбауға тек қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесін едәуір азайтатын ерекше мән-жайлар анықталған жағдайда, сондай-ақ топтың жасаған қылмысына сыбайлас қатысушы топтың жасаған қылмыстарын ашуға белсене жәрдемдескен кезде ғана жол беріледі.
Сондай-ақ, ҚК-нің 55-бабының 2 бөлігіне сәйкес, жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңілдететін мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген жазаның анағұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзімінің нeмece мөлшерінің: онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде - жартысынан; ауыр қылмыс жасаған кезде - үштен екісінен; аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшінен асыруға болмайды.
Аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау ҚК-нің 56-бабында көзделген, яғни қылмысқа дайындалғаны үшін жазаның мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында аяқталған қылмыс үшін көзделген жазаның анағұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан асыруға болмайды, ал қылмысқа оқталғаны жаза мерзімінің немесе мөлшерінің төрттен үшінен асыруға болмайды. Қылмысқа дайындалғаны үшін және қылмысқа оқталғаны үшін өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
ҚК-нің 58-бабында көзделгендей, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы кезінде сот әрбір құқық бұзушылық үшін бөлек жаза (негізгі және қосымша) тағайындап, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы немесе тағайындалған жазаларды толық немесе ішінара қосу арқылы түпкілікті жазаны айқындайды.
Сонымен бірге, қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезінде бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, оның алдындағы жазаның түзету ықпалының жеткіліксіздігіне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі ескеріледі.
ҚК-нің 60-бабына сәйкес, егер сотталған адам үкім шығарылғаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жаңадан қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот соттың соңғы үкімі бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толық немесе ішінара қосады.
Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарға жаза тағайындаудың өз ерекшеліктері бар, сондықтан оларға жазаның ҚК-нің 81-бабында көрсетілген түрлері ғана қолданылады және олардың мерзімдері мен мөлшері осы бапта белгіленген шектерден аспауға тиіс.
Сотпен жоғарыда көзделген жаза тағайындау қағидаларының, ережелерінің сақталуы, оның дұрыс қолданылуы, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес шешілуінің негізі болып саналады.
Ақтөбе облысының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы А.Сабыров