Мемлекеттік тіл- тұғыры биік тұрақтылық пен татулық негізі
«Туған тілге тең келмейді мың жақұт,
Қас-қалпында өтсе-дағы көп уақыт.
Өз еліңінің ауасымен тыныстап,
Өз тіліңде сөйлеу деген бір бақыт»
Егемендік алып, тәуелсіздік тәжін кигелі ширек ғасырға таяу уақыт өтіп, еліміз түпкілікті жаңару үдерісін бастан өткерді. Біз төл тарихымызды қастерлеп, мемлекеттілігімізді нығайтып, әлемдегі алпауытты елдердің санатына енуді мақсат еттік. Ғасырлар қойнауынан тарихымыз, тіліміз сондай анық, таза күйінде бізге жеткен қастерлі мұрамыздың бірі- бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы, мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, өткені мен болашағының айқын көрінісі, мемлекеттік тіліміз- қазақ тілі.
Бойымызға анамыздың сүтімен дарыған ана тілімізді ардақтап, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізу басты парызымыз. Ана тілінің қадір-қасиетін ерте кезден ақ түсіне білген халқымыз оны қасиетті мұраға балап, қастерлейді. Қазақ тілі ерте кезден-ақ оралымды, ырғақты, аса қуатты, бай тіл. Ол жан дүниеміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің айғағы іспетті.
Тіл болашағының жарқын болуы саналы да қуатты жастардың қолында. Әр халықтың тағдырына жауапты қазіргі жас буын еліміздің болашағының иесі екендігін естен шығармағанымыз жөн. Себебі, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек.
Елбасымыз «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы айтып, алдымызға айқын, жол ашып берген болатын. Енді осы жолда бірігіп еңбек ету ғана қалды. Тіл тағдыры - ел тағдыры. Демек, бұл бір адамға ғана қатысты емес, барлық қоғамға қатысты. Әр халықта тіл сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы ғана емес, өзге елдердің алдында дәрежесін айқындап, тарихынан хабар беретін, еңсесін биік көтеріп, болашағына болжам жасайтын қастерлі де қасиетті тұғырлы қаруы екені мәлім.
Егер мәңгілік ел боламыз десек, өз ана тілімізді бірінші орынға қойып, ал қалған тілдерді елімізді дамыту жолында, өзге де алпауытты дамыған елдермен тәжірибе алмасу мақсатында үйреніп, өз елімізде осығын алып, пайдамызға жаратуға тиіспіз. Баршаға мәлім қай тілде сөйлесек, сол тілде ойлаймыз. Сол тілде ойлаған соң, жан дүниеміз сол тілге бейімделіп, сол тілдің жанашырына айналамыз.
Жоғарыда тілге тиек еткендей, халқымыз тәуелсіздігін алғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, кейбір азаматтарымыздың тілді мойындаса да игеруге асықпайтындығы, сол ежелгі таптауырын болған қағидаттардан арыла алмай жүрген жайы да жоқ емес. Ал болашығымыздың қазақ тілінде екендігін ескерсек, тіл төңірегіндегі кемшіліктерті түзеу, әрбір елім дейтін азамат үшін, ат үсті қарап, айналып өтуға келмейтін мәселе екендігі даусыз.
Әр адамның азаматтық қасиетті- салт-дәстүрін сақтаумен, өзінің туған жерін, атамекенін сүюмен, өзінің ана тілін білумен өлшенбек. Біліп қана қоймай, күнделікті тұрмыста қолдану аясын кеңейтіп, тілге деген жанашырлық сезімінің болуынан көрініс табады. Ендеше, татулық пен тұрақтылықтың негізіндей болған туған тіліміз туғырлы, тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы үшін баршамыз тіл мерейінінің жоғарылуы үшін әрекет ету қажеттілігі туындап отыр.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз
қызметінің басшысы Айтжанова Анар