Қылмыстық жаза функциясының мазмұны және мәні

Қылмыстық жаза функциясының мазмұны және мәні

 

«Функция» сөзінің мазмұны «мақсаты» мағынасына ұқсас. Функция - бұл әрекет, міндет, қызмет, мақсат. Өз жиынтығында функция қажетті нәтижеге жетудің тетігін құрайды. Құқықтың мақсатын ескере отырып, заңгер-теоретиктер оның келесі функциясын атап өтеді: а) реттеу; б) қорғау; в) тәрбиелік.

Әрекет етуші қылмыстық заңнамасы жазаның мақсаты мен міндетіне арналған баптардан тұрады. ҚР ҚК 39 бабының 2 бөлігінде жазаны қолдану мақсаты көрсетілген. ҚР ҚК 2 бабының 1 бөлігінде: «Осы кодекстің міндеттері: адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады». Қылмыстық құқық пен Қылмыстық кодекс міндеттері - мәні бойынша әр түрлі категориялар болғанымен де, басты белгілері бойынша ұқсас.

Осылайша, қылмыстық заң қылмыстық құқықтың екі міндетін атап көрсетеді: қорғаушы және алдын алушы.

Құқық функциясы мәселесі өздігінен күрделі және көпқырлы, әрі терең зерттелмеген, қылмыстық жаза функциясы да бұлай зерттелмеген.

Қылмыстық жаза функциясы ретінде осы институттың қоғамдық қатынастар жүйесі шеңберінде белгілі бір рөлді атқаруы, адамзат қызметінің белгілі түрлерін жинақтау, оларды дамыту және тұрақтандыруға қол жеткізе отырып, қоғамдық үрдістерге белгілі бір бағытта әсер ету.

Осылайша, жаза - бұл оның барысында мемлекет заң шеңберінде жазаға тиісті қасиетін жүзеге асыру (орындау) үшін тиісті құқық қорғау органдарын нақты өкілеттіктермен қамтитын күрделі үрдіс. Қылмыстық жазаның функцияларын атай отырып және оларды жалпы нысанда қарастыра отырып, алға қойылған мақсаттарға жету үшін міндеттерді атқару бойынша әрекеттер бағыты туралы айта аламыз. Қылмыстық жаза институтына қатысты өз мақсаттарына жетудің осындай құралдары болып жаза жүйесі туралы, жаза түрлері туралы, жаза тағайындаудың жалпы бастаулары, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар туралы нормалар, сондай-ақ, қылмыстық құқықтағы жаза туралы нормаларды тәжірибеде қолдану үшін нақтыланатын қылмыстық-атқару құқығының нормалары табылады.

Осылайша, егер жазаның мақсаты өз мәнінде жазаны қолдануда қамтамасыз етілуі тиіс қажетті нәтиже көрсетсе, онда функция өз жиынтығында оның тетігін құрайды. Жазаның мақсатын түпкілікті әлеуметтік нәтиже ретінде анықтай отырып, заң шығарушы оған жетуді құқық қорғау органдары мен жазаны орындайтын органдардың жазаға тән қасиеттерді жүзеге асыру бойынша көпжақты функционалды қызметі ретінде пайымдайды. Жоғарыда көрсетілген мақсаты олардың тәжірибелік қызметінің тиімділік бағыты болып саналады, яғни жазаның мақсаты идеалды нәтижеге қол жеткізу болса, оның функциясы мақсатқа жету бойынша міндеттерді жүзеге асыру үрдісін білдіреді. З.А.Астемировтың пікірі бойынша, «Жазаның мақсатынан оның функциясын ажырату керек, ол арқылы жеке міндеттер орындалады, мақсатқа жету жолындағы аралық нәтижелерге қол жеткізіледі».

Заң әдебиеттерінде орыс тілінде қылмыстық жазаның функциясы оның тиімділігі немесе қылмыстың алдын алу мақсатында қылмыстылықпен күрес тұрғысынан ғана зерттелген. Мысалы, И.М.Гальперин, оның еңбегі «Наказание: социальные функции, практика применения» деп аталады, Э.А.Саркисов, оның еңбегі «Предупредительная роль уголовного закона» және «Уголовно-правовые средства предупреждения преступлений» деп аталады. Алайда бұл еңбектердің барлығы ескірді. Мемлекеттік тілдегі мұндай еңбектер тіпті жоқтың қасы. Мемлекеттің жаңа қылмыстық саясаты мен қылмыстық құқықтағы гуманизация шеңберінде қылмыстық жазаның функциясын жаңа заңнама бойынша алдын алу мақсатында немесе қылмыстылықпен күресу мақсатында қарастыру қажет.

 

 

 

Ақтөбе облысының қылмыстық істер

жөніндегі мамандандырылған ауданаралық

сотының кеңсе жетекші маманы Ж.Сайманова

Следите за новостями zakon.kz в: