Алқабилердің қатысуымен іс жүргізу ерекшеліктері
Еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап сот жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сот жүйесін жетілдіруде сот ісін ұйымдастырудың халықаралық стандарттарын қамтамасыз ететін заң нормалары қабылданды.
Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік кодексінің, Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» Заңының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 23 тамыздағы № 4 «Алқабилерді қатыстырып қылмыстық істерді қарауды реттейтін заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы» Нормативтік қаулысының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Қазіргі таңда қабылданған заңдарға сәйкес алқабилердің қатысуымен қаралатын істер, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында өткізіледі.
Алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу қылмыстық істерді қарауға және шешуге халық өкілдерін тарту болып табылады. Бұл жерде сот құрамы бір жағынан қылмыстық оқиғаның болған немесе болмағанын анықтау және қылмыс болған жағдайда жаза тағайындау мәселелерін шешуге құқық берілген кәсіпқой емес алқабилерден, екінші жағынан барық мәселені құқықтық тұрғыдан шешуге құқылы кәсіпқой судьядан тұрады. Алқаби - санасы заң қағидаттарының ықпалынан тәуелсіз, қылмыс жасаған адамның кінәлілігі немесе кінәлі еместігі туралы шешім қабылдаған кезде тек ар-ұятты, әділдікті және өзінің сенімін басшылыққа алатын алқа құрамына қылмыстық істер жүргізу заңының талабына сай іріктеліп алынған адам.
Алқабилердің қатысуымен іс жүргізу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстық істер бойынша қаралуға жатады.
Бұл орайда айыпталушыға, сотталушыға өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыс жасағаны туралы айып тағылса, ол қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына сай сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және де алдын ала тыңдауды өткізу аяқталғанға дейін өзіне қатысты қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен өткізу туралы өтінішін беруге құқылы. Осындай өтініш беріліп, оны қолдаған жағдайда міндетті түрде қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралады.
Қылмыстық іс бойынша сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхатының болуына немесе болмауына қарамастан міндетті түрде алдын ала тыңдау өтікізіледі. Егер сотталушы өз ісін алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтінішхатын растаса, онда судья осы өтінішхатты қанағаттандыру туралы шешім қабылдайды, бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді және мемлекеттік айыптаушы, жәбірленуші, сотталушы және оның қорғаушысы мәлімдеген басқа өтінішхаттарды қарауға көшеді. Сот талқылауына қатысу үшін алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау тәртібі жүргізіледі.
Судья істі алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейін сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетілген алқабиге кандидаттарды алқабиге іріктеу үшін олардың сот отырысына келуін қамтамасыз ету туралы өкім береді.
Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейін төрағалық етушінің өкімі бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бірыңғай және қосалқы (жылдық) тізімдерден алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргізеді. Бір сол адам сот отырыстарына алқаби ретінде жылына бір реттен артық қатыса алмайды. Хабарлама алған азаматтар алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін сотқа келуге міндетті. Төрағалық етушімен сот талқылауына қатысу үшін алқабиге кандидаттарды іріктеу өткізіліп, яғни алқабиге кандидаттарды істі қарауға қатысудан босату, өздігінен бас тарту және қарсылық білдіру туралы мәселелері шешіліп, істі қарайтын алқабилер құрамын құрады.
Алқабилер қатысатын істің өзіндік ерекшеліктері көрсетілген. Алқабилер сот процесінде сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысып, төрағалық етуші арқылы сұрақтар қойып, сот тергеуіндегі барлық әрекеттерге қатысуға толық мүмкіншілігі бар. Сонымен қатар, төрағалық етуші алқабилерді дәлелдемелер ретінде жарамсыз нақты деректермен таныстыруға тиіс емес, егер сот талқылауы барысында дәлелдемелер ретінде жарамсыз нақты деректер табылса, оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы мәселені алқабилердің қатысуынсыз шешеді.
Алқабилердің қатысуымен іс жүргізудің маңызды ерекшеліктерінің бірі мемлекеттік айыптаушы айыптау актісінің қарар бөлімін жария еткен кезде сотталушының сотталғандық фактілері туралы еске салуға құқылы емес. Сотталушының бұрынғы сотталғандығына байланысты, оны құнықпа маскүнем немесе нашақор деп тану туралы мән-жайлар, сондай-ақ алқабилердің сотталушыға қатысты теріс түсінігін туғызуға ықпал ететін өзге де мән-жайлар алқабилердің қатысуынсыз зерттеледі. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөзі екі бөліктен тұрады. Жарыссөздің бірінші бөлігі мемлекеттік айыптаушының, жәбірленушінің, қорғаушының және сотталушының сөздерінен тұрады, олар сотталушының бұрынғы сотталғандығын еске салмай, оның кінәсінің дәлелденгені немесе дәлелденбегені жөніндегі өз ұстанымдарын баяндайды. Ал жарыссөздің екінші бөлігі мемлекеттік айыптаушының, сондай-ақ жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және жауапкердің немесе олардың өкілдерінің, қорғаушының және сотталушының сөздерінен тұрады, оларда сотталушының әрекеттерін саралау, жаза тағайындау, азаматтық талап қою мәселелері бойынша ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздің екінші бөлігі алқабилердің қатысуынсыз өткізіледі.
Алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығырылады. Заң талабы бойынша алқабилердің шешуіне іс-әрекеттің орын алғаны, сотталушының оны жасағаны дәлелденді ме және оның жасалуына сотталушы кінәлі ме деген үш негізгі сұрақтар қойылып, өзінің шешімдерін қабылдайды. Жарыссөз аяқталғаннан және сұрақтар тұжырымдалғаннан кейін судья және негізгі алқабилер үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді. Нәтижесінде қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылады және қылмыстық іс ақтау үкімін немесе айыптау үкімін қабылдаумен аяқталады. Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» Заңының талаптарына сәйкес соттың шешімі шыққаннан кейін әрбір қатысушы алқабидің еңбегіне ақы төленеді.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы А.Сабыров
Читайте также