Ақтөбе қаласындағы Некрасов пен Жангелдин көшесінің қиылысында №26 бағыттағы автобус пен көше қарын тасып жүрген КаМАЗ соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасы кезінде 10 жолаушы түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды Bnews.kz.
Қоғамдық көлік Некрасов пен Жангелдин көшелерінің қиылысында қар тасып жүрген КаМАЗ көлігіне соққан. Қатты соққы алған жолаушылар автобустан түсе сала бір-біріне көмектесті. Жедел жәрдемді он минуттай күтуге тура келді. Әсіресе, басынан соққы алғандардың халі нашар. Олар аяқтарын басып жүре алмады.
Оқиға кезінде 10-ға жуық адам түрлі дене жарақатын алды. Олардың екеуі дереу аурухана жөнелтілді. Ал автобустың соңғы орындықтарына жайғасқан студенттер дін аман. Олар тек полицияға оқиғаның қалай болғанын түсіндіріп берді.
«Мен алаңсыз, автобустың соңғы жағындағы орындықта отырдым. Қас пен көздің арасында автобус жүк көлігін соқты. Алғашында түк түсінбедім. Автобус жоғары жылдамдықпен келе жатты. Ешқандай соққы алған жоқпын»,- дейді Жаннұр Исманғанова.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, автобус жылдамдығын асырып, тежегішті басып үлгермеген. Ал Жангелдин көшесінен шыққан жүк көлігі жол ережесін бұзған.
«Автобус пен жеңіл көлік қатар келе жатты. Жеңіл көлік тоқтап, жол берді. Ал автобус тоқтап үлгермеді. Себебі, ол қатты, асығыс келе жатты»,- дейді куәгер Сәт Айдаров.
Автобус жүргізушісі өзін-өзі ақтап алды. Бәріне жүк көлігінің иесін кінәлайды. Сол сәтте автобус ішінде 20-дан астам жолаушы болған. «Менің жүретін жолым. Ол жол ережесін бұзды. Тежегішті басып үлгермедім әрі жол да су ғой. Бәріне жүк көлігі кінәлі. Ол тура жүруге болмайтын жерден жолды кесіп өтті»,- дейді Ақылбек Рабаев.
Жергілікті полиция қызметі оқиғаны тіркеді. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Алтынай Сағындықова
Фото: rostov.press
Читайте также