Өз-бетінше жұмыспен айналысушылар мәселесін құқықтық реттеу
Қазақстан Республикасының Халықты жұмыспен қамту туралы 2001 ж. 23 қаңтардағы Заңына сәйкес өз бетiнше жұмыспен айналысушылар - жеке тұтынуға арналған өндірісті қоса алғанда, табыс алу үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндірумен (өткізумен) дара айналысатын жеке тұлғалар, өндірістік кооператив мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) еңбекақы төленбейтін қызметкерлері және жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер танылады.
Сонымен қатар Елбасымыздың кезекті Қазақстан халқына Жолдауында басты назар тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және жұмыссыздар санаттарына аударылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, жұмыссыздар және аз қамтылған тұрғындардың жұмысқа орналасуына қолғабыс тигізу мақсатында, сонымен қатар ауылдық жерлерде жеке кәсіпкерлікті дамытуға 2011 жылдың 18 шілдесінде «Жұмыспен қамту-2020» Бағдарламасы енгізілген болатын. «Жұмыспен қамту-2020» Бағдарламасының негізгі мақсаттары болып мыналар табылады:
- Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, жұмыссыздар және аз қамтылған тұрғындарды белсенді жұмыспен қамту бағдарламасына тарту;
- Бағдарламаның дамуы бірінші кезекте оқуға, жұмысқа орналастыру, тұрғылықты жер бойынша жеке ісін ашуға және оны кеңейтуге қолғабыс, экономикалық потенциалы төмен елдік мекендерден экономикалық потенциалы жоғары елдік мекендерге және мардымды еңбекпен қамтудың қолжетімділігін кеңейту мақсатындағы экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуіне қолғабыс тигізу.
Жалпы алғанда өзін-өзі қамсыздандыру бұл өмір деңгейінің өсуінің негізгі көрсеткіші болып табылады және жалақының мөлшері мен халықтың әлеуметтік қорғалуын айқындайды. Сәйкесінше, өзін-өзі жұмыспен қамту – бұл негізгі экономикалық негіз, осы негізге адамдар өмірінің деңгейі сүйенеді. Еңбек өнімділігінің өсуі жоғары болса бір орынға таласатын адамдар да аз болады, егерде өнімді өндіру көп болса оны орындайтын қызметкерлер саны да көп болады. Егерде осы екі факторда төмендейтін болса, ондаша өзін-өзі қамсыздандыруда төмендейді, сәйкесінше жұмыссыздықта өсе бастайды.
Өзін-өзі жұмыспен қамту – бұл нарықтық қатынастардағы міндетті объективті түрдегі элемент болып табылады. Оның дамуы экономикалық және әлеуметтік факторларға байланысты. Өзін-өзі қамсыздандыру Қазақстанда бұрыннан келе жатырған құбылыс (жеке шаруашылықтың болуы, еңбек демалысы уақытында жұмыс жасау, тойларға шығып өлең айту).
Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер дегеніміз – бұл өзінің қызметін өзі ұйымдастырып, қамтамасыз ететін адамдар, соның нәтижесінде өзін өзі жұмыспен қамтиды. Оларға жеке кәсіпкерлер, қазіргі кездегі асабаларды жатқызуға болады. Жұмыс орындарына деген сұраныстың қанағаттандырылмауы халықтың өзін-өзі жұмыспен қамсыздандырылуының өсуіне әкеліп соғады.
Сонымен, өзін-өзі жұмыспен қамтуға көшудің себептеріне мыналарды жатқызуға болады:
1) өмір сүруге деген қаржының жетіспеуі;
2) жалақының және зейнетақының кешіктірілуі;
3) жұмыстан шығып қалу нәтижесінде жұмыстан айырылу немесе қысқартуға ұшырау;
4) жоғарғы жалақыны іздеу;
Жалпы алғанда өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген тұрғындардың көпшілігі қызметтерін заңдастырғысы келмейді. Оған көптеген себептер бар, атап айтатын болсақ, жалақыға салынатын қосымша құн салығының көп болуы, зейнетақы қорына төленетін міндетті төлем, қызметін заңдастыру үшін жинауға кететін уақыт пен бюрократияның болуы. Мысалы алатын болсақ жеке көлігімен адамдарға қызмет көрсететін қызметкерлерді айтуға болады, егерде олар қызметін заңдастыратын болса, адамдардан жолақыға алынатын баға да қымбаттайды. Өйткені ол жеке кәсіпкер салық төлеу керек, зейнетақы қорына міндетті төлемді аудару керек, сол себептен көрсететін қызметінің бағасыда жоғары болады. Ал қарапайым халық қай қызметкердің қызметі арзан соған жүгінеді. Міне осы айтылғандардың барлығы өз бетінше жұмыспен айналысушылар санының пайда болуына және көбейуіне септігін тигізеді. Бұл мәселе мемлекетіміздің дертіне айналғанын мойындауымыз керек, сол себептен оның ары қарай өршуіне жол бермеу үшін Қазақстан Республикасының кейбір заңнамаларына өзгерістер енгізу керек. Мысалы:
1) Жаңадан өз кәсібін ашқан кәсіпкерлерді бір жыл мен үш жыл арасында салықтан босату;
2) Жаңадан өз кәсібін дамытып келе жатқан кәсіпкерлерді бір жылдай уақытқа тексерістің бүкіл түрінен босату;
Жалпы алғанда, егер заңнамада жауапкершілікті көрсететін норма болмаса ол норманы орындайтын адамда болмайды. Сондықтанда:
3) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі 14-тарауда көрсетілген Кәсіпкерлік қызмет саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық деген бөлімдегі 143-баптың диспозициясын формалды құрамға ауыстырып, заңсыз кәсіпкерлік нормасын мынадай редакцияда жазуды ұсынамын:
Кәсіпкерлік қызметті тіркелусіз не егер арнайы рұқсаттың (лицензияның) міндетті түрде болуы талап етілетін жағдайда, мұндай рұқсатсыз (лицензиясыз) немесе лицензиялау талаптарын бұза отырып жүзеге асыру, сол сияқты кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысу, егер бұл іс-әрекетте қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, -
жеке тұлғаларға, лауазымды адамдарға, дара кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - келтірілген зиян сомасының, алынған табыс сомасының және заңсыз кәсіпкерлік нәтижесінде алынған акцизделетін тауарлар құнының отыз пайызы мөлшерiнде, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Көрсетілген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының Салық кодексіне, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкесінше өзгерістер енгізілсе өз бетiнше жұмыспен айналысушылар мәселесін шешуге деген ілгері қадам болар еді.