Қара базарда еті ғана емес, мүйізі де үлкен сұранысқа ие киіктерді қыру дерегі тағы тіркелді. Бұл жолы Сыр өңірінде. Киелі түз жануарына мылтық кезегендерді орманшылармен бірге Табиғат қорғау полициясы қолға түсірді.Үш адамнан құралған қылмыстық топты тәртіп сақшылары Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылының тұсында ұстады, деп хабарлайды "ХАБАР" арнасы.
Браконьерлер заңсыз аң аулауға жол талғамайтын көлік тізгіндеп, бес қаруларын сайлап барған. Оларды тоқтатып, тексеру барысында екі аңшы мылтығы мен 172 дана оқ тәркіленді.Сондай-ақ сексеуіл бұталарының арасына жасырылған 18 бас ақбөкеннің денесі табылды.
«Оқиға орнынан 20, 28, 29 жастағы 3 Қызылорда облысының азаматтары ұсталды. Қазіргі таңда осы аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 337-бабы, 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары жүргізілуде»-деді, ОІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлжаһан Қайырбергенова
Фотосурет: kz.saigaresourcecentre.com