Алматы облысындағы тамшылатып суару әдісі қолданылатын интенсивті бақтағы 535 гектар жерге алма көшеттері отырғызылып, ол келесі жылы өнім береді. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Панфилов ауданына жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бақты өсіру үшін жалпы көлемі 1117 га жер бөлінген. Мұнда алмадан бөлек, 370 гектарға – шие, 61 гектарға шабдалы, 32 гектар жерге өрік егілді.
Мамандардың айтуынша, жоба іске қосылғанда 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылып, 1000 адамға маусымдық жұмыс беріледі. Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығына арналған әртүрлі 50 техника сатып алынған. Алдағы жылдарда қосымша инвестиция тартылып, 20 мың тонналық жеміс-жидек сақтайтын қойма құрылысын салу көзделіп отыр.
«Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерінің бірі – алма бақтарын қалпына келтіру және дамыту ісі болатын. Осы тапсырмаға орай атқарылып жатқан шаралардың біріне куә болдық. Инвестиция тарту арқылы жаңа технологиямен жұмыс істейтін осындай заманауи бақтарды дамытуға біз мемлекет тарапынан тиісінше қажетті қолдаулар көрсететін боламыз», - деді А. Баталов.
Фото: www.infrost-agro.ru