Солтүстік Корея тағы да әлем елдеріне сес көрсетті. Демалыс күні Пхеньян алыс қашықтыққа арналған зымыран ұшырып өзге елдердің зәресін алды. БҰҰ мен АҚШ-тың мемлекеттік департаменті мұны жақсылыққа жорымай отыр. Жапония шұғыл түрде Солтүстік Кореяға түрлі санкцияларды жаудыруға кірісті. Ал, іргесіндегі Сеул американдық зымыранға қарсы кешен құру туралы келіссөз жүргізе бастады., теп хабарлады Астана телеарнасы.
Тосыннан аспанды жарқыратқан мына құбылыс қытай-солтүстік корей шекарасында түсірілген. Солтүстік Корей республикасының кезекті іс-әрекеті жүзеге асты. Бұл жолы сутекті бомба емес, «Кванмёнсон» жасанды жер серігін тиеген зымыран ғарышқа ұшырылды. Жерді әрбір 94 минут сайын айналып шығатын спутникті ғарышқа шығаруды республика тұрғындары «сөзсіз жетістік» деп бағалайды.
Қуанышты хабарға байланысты Корей халық демократиялық республикасының әр аймағында әскери шерулер ұйымдастырылуда. Ал қарапайым халық мемлекеттің мұндай жетістігін мақтан тұтатынын жасырмады.
Мен осы елдің баласы екенімді мақтан тұтам. Тек білімнің арқасында жетістікке жету көптің қолынан келмейді. Мен елімнің болашағы үшін оқуымды жалғастырамын.
Осы тарихи оқиғадан кейін мен осы елде тұрғаныма өте қуаныштымын.
Осы оқиғадан АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапонияның өтініштері бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы шақырылған. Жабық есік жағдайында өтетін кездесуде Солтүстік Кореяға қарсы халықаралық санкцияларды кеңейту жайы талқыланбақ.
Солтүстік Кореяның алыс қашықтыққа арналған зымыран ұшыруы халықаралық ядролық қауіпсіздікке байланысты алаңдаушылықты күшейтті. Жақында ғана олар сутекті бомбаны жарған болатын. Пхеньян «арандатуды доғаруы тиіс», деді Корея президенті Пак Кын Хе.
Оңтүстік Корея, Жапония және АҚШ Пхеньянның зымыран ұшырудағы шынайы мақсатын өздерінше топшылайды. Яғни бұл ел ядролық оқтұмсықты құрлықаралық баллистикалық зымыранмен нысанаға жеткізуді көздейді деген болжамдарын айтуда. Сондықтан Жапония Оңтүстік Кореяда американдық зымыранға қарсы кешендер құруды құптап отыр.
Корей республикасы мен АҚШ-тың қауіпсіздік саласында ынтымақтастығының артуы бұл аймақтағы тыныштыққа кепіл бола алады деп ойлаймындейді, Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Есихидэ Суга.
Бірақ зымыранға қарсы кешен құру туралы мәселе сарапшылардың күмәнін туғызуда. Ресей ғылым академиясының мүшесі Александр Жебин: «Сеул мен Вашингтон Солтүстік Кореяның зымыран ұшырғанын күтіп отырған сияқты ой қалдырады», - дейді.
«Қазіргі кезде Солтүстік Кореядан келетін ешқандай қауіп жоқ. Бірақ АҚШ осы жағдайда өзінің зымыранға қарсы кешендерін құруға мүмкіндік ала алады. Яғни Қытай мен Ресей шекарасына жақындай түседі»,деді Ресей ғылым академиясы Корей мәселелерін зерттеу орталығы жетекшісі Александр Жебин,
Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Пхеньян кезекті бесінші ядролық бомбасын іске қосуға даярланып жатқанын мәлімдеді. Ал Солтүстік Корея мемлекетінің басшысы Ким Чен Ын бүгін «Вашингтонның басқыншылық саясатына» төтеп беретін әлемдегі ең қуатты қаруды иемденетінін жариялады.
Берік Хасенов
Фото:news.mail.ru