10 жыл ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы 13 есеге өсті

Өткен 10 жыл ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы 13 есеге, ал Қазақстан экономикасына салынған еуропалық инвестициялардың көлемі 10 есеге артты.

2015 жылы қол қойылған ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген ынтымақтастық туралы келісім өзара серіктестік пен сауданың одан әрі дамуына мүмкіндік береді. Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен Ақордада өткен кездесу барысында Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Траян Христеа осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BNews.kz.

«Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында ынтымақтастық пен серіктестік жөніндегі келісімге қол қойылғаннан кейін Мемлекеттік хатшымен кездесіп отырмыз. Бұл өте маңызды. Бұл келісім 23-тен астам тараудан тұрады, олар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы барлық саладағы қарым-қатынасты нығайта түседі. Әрі бұл шарт түрлі интеграциялық форматтағы мемлекеттер арасында ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бар екенін айғақтап отыр», - дейді Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Траян Христеа.

Еуропалық одақ Қазақстанның сауда және инвестициялық басты серіктесі болып табылады. Өткен 10 жыл ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы 13 есеге, ал Қазақстан экономикасына салынған еуропалық инвестициялардың көлемі 10 есеге артты. Еуропалық одақтың үлесіне Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының жартысынан көп бөлігі және ел экономикасындағы шетелдік капиталдың 49 пайызы (215 млрд доллардың 104,6 млрд доллары) тиесілі. Қазақстанның Еуропалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 2015 жылы 31,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл еліміздің жалпы сыртқы сауда көлемінің 51,4 пайызын құрайды.

Өз кезегінде Қазақстан ЕО-ның 30 ірі сауда серіктесінің қатарына еніп, ЕО-мен жалпы сауда айналымы бойынша 26 орынға ие болды (импорт бойынша - 15 орын, экспорт бойынша - 39 орын).

Фотосурет: www.interfax.ru

Следите за новостями zakon.kz в: