2015 жылы Холдинг агроөнеркәсіп кешені саласын қаржыландыруға 363 млрд. теңге бағыттады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Холдингпен 2015 жылы агроөнеркәсіп кешені (АӨК) саласын қаржыландыруға 363 млрд. теңге бағытталды. Осы қаражаттың 64 млрд. теңге көлеміндегі бөлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржылай сауықтыруға жұмсалды. Бұл шамамен 2 млн. гектар егістік алаңының айналымын және 8 мыңға жуық өндірістегі жұмыс орындарын сақтап қалуға ықпал етті», - деп тоқталды басқарма төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, осы ретте, қаржылай сауықтыруға қол жеткізген АӨК субъектілерінің қаржылық жүктемесі айыппұлдар мен өсімақыларын шығысқа шығару есебінен 1,8 млрд. теңгеден астамға төмендеді.
«Өткен жылы қаражаттың көп бөлігі Холдингпен несиелеу мен лизингке бағытталды. Шамамен 15,5 мың несие берілді, 4 мың бірліктен астам ауылшаруашылық техникасы сатып алынып, лизингке берілді. «ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы шеңберінде 57 мыңнан астам аналық ІҚМ басын сатып алу қаржыландырылды», - деді Н. Малелов.
Руслан Ғаббасов
Фото: ortcom.kz