Грузиядағы экономикалық дағдарыс ушығып барады

Грузияда шағын бизнес өкілдерінің кәсібі алға баспай, тығырыққа тірелді.

Осындай қиын кезеңде ірі компаниялармен бәсекеге түсе алмай тұралаған шағын бизнес біржола құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр. Билік кәсіпкерлерге көмек көрсетуге барын салғанымен, сарапшылар үкімет шаралары өте мардымсыз деуде. Грузияда шағын бизнес өкілдерінің кәсібі алға баспай, тығырыққа тірелді, деп хабарлайды 24 kz арнасы.

Бұдан басқа, елге шетелдік инвестиция тарту үдерісі де бәсеңдеп қалған. Мұндай қиын жағдайға ұлттық валюта Ларидің құнсыздануы себеп болып отыр.

«Қазір бизнес жүргізу оңай емес. Жергілікті өнімге негізделген нарық та, сондай-ақ сыртқа экспортқа иек артатын кәсіпорындардың да шекесі шылқып отырған жоқ. Үкімет оларға қолынан келген көмекті көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ ниет жақсы болып көрінгенімен, әзірге нәтиже жоқ», дейді экономикалық сарапшы Гиги Бединейшвили.

Грузиядағы бизнестің шетелдік валютаға тәуелді болуы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Мысалы, елде ғимаратты жалдау ақысы тек доллармен төленеді. Банктер де несиенің көп бөлігін тек америкалық валютамен береді.

Менің компаниям доллар мен еуро сияқты шетелдік валюталарға 100 пайыз тәуелді. Былтыр өнімдеріміздің бағасын 20 пайызға көтеруге мәжбүр болдық. Ашығын айту керек, шағын кәсіпорындардың 90 пайызы бүгінде жұмыс істемейді. Супермаркеттердің әупірімдеп кіріс табуына болады. Себебі олардың тауар айналымы жоғары. Әрі коммерциялық банктер тарапынан қолдауға ие. Ал шағын дүкендер ғимаратты жалдау ақысын төлей алмай, тығырыққа тіреліп жатыр. Осының кесірінен ай сайын бірнеше дүкен жабылады, деді кәсіпкер Иване Чкониа.

Грузиядағы тауарлардың бағасы былтыр 5 пайызға көтерілді. Ал осы қаңтар айында жылдық инфляция деңгейі 5,6 пайызға артқан. Дағдарыс кезінде елдегі билік тізгінін ұстаған «Грузин арманы» атты партияның рейтингісі түсіп барады.

Ернат Қашқынов, Әсемай Сахип

Фото: master7009.livejournal.com

Следите за новостями zakon.kz в: