«Ақтөбе» футбол клубы Түркияның Анталия қаласында жаттығу жиындарында жүр. Сынақта жүрген «Манчестер Сити» мен «Челси» клубтарында ойнаған Абдул Разак пен Ислам Феруз кеше қашып кеткен болатын. Ал «Ақтөбе» футбол клубының президенті, облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев «клубтың экономикалық, инвестициялық сұрақтарына ғана жауап береді, өзгесі клубтың ішкі жұмысы». Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Bnews.kz.
Қазір әлеуметтік желілер мен спорт порталдарында Абдул Разак пен Ислам Феруз оқу-жаттығуға қатысып, кейін тактикалық сәттерді әңгімелеген жиында болғаны туралы ақпарат кең тарады. Ал таңертең екі ойыншының қонақ үйден біржола кетіп қалғаны белгілі болған. «Ақтөбе» футбол клубының басшылығы бұл оқиғаға байланысты қандай да бір ақпарат айтып, пікір білдіруге қарсы. «11 ақпанда Түркияға бас директор Д.Васильев барып, кейін мән-жай анықталады. Клуб басшылығы сол кезде жан-жақты ақпарат береді»,- дейді футбол клубының баспасөз хатшысы Марат Жұмабаев.
Ал «Ақтөбе» футбол клубының президенті, облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев оқиғаға байланысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. «Клуб президенті Ғали Есқалиев экономикалық-инвестициялық сұрақтарға жауап береді. Өзгесі клубтың ішкі жұмысы», - дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2015 жылдың желтоқсан айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев клубтың бұрынғы президенті Сағат Еңсегенұлының есебін тыңдап, 11 жылда атқарған жұмысын сынға алған болатын. Жиында клубтың ойыншылар алдындағы қарызы 468 миллион теңгеге жетіп, легионерлер еңбекақысы 60 мың еуроға жеткені айтылды. Кейін клуб президенті болып облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев тағайындалды.
Фото:www.fcaktobe-fans.kz