Оқушылардың жаңалығының бірі зағиптарға көшеде жүріп-тұруға септігін тигізсе, енді бірі мылқау жандардың ойын толық жеткізуіне көмектеседі. Өнертапқыш балғындардың болашақта өндіріске енуі ықтимал, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Раухат пен Абылайхан – Назарбаев зияткерлік мектебінің оныншы сынып оқушылары, «Роботтық техникалар» үйірмесінің белсенді мүшелері. Екеуі де электроникаға үйір. Үнемі ізденіс нәтижесін берді. Жақында Раухат мына құрылғыны ойлап тапты. Ол тіпті қарапайым, жасыл түс жанса, бірден дыбыстап белгі береді. Өнертапқыш оны бас киімге орнататындай етіп ықшамдамақ.
«Бас киімге орнатқан кезде осы құрылғы адамның құлағына жақын болады. Сондықтан оны адамның естуге мүмкіндігі көбірек болады және осы адамның басында орналасса, түстерді ажырату жеңілірек болады деп ойлаймын. Осы біздің жобамыз тек ғана техникалық емес, әлеуметтік болсын деп ойлаған едік», дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Раухат Арқұлов.
Осындай игі мақсат, «кемтар жандарға көмектесем» деген оң ниет Абылайхан Әділбекті соны қадамдарға бастады. Жасөспірім жасаған қолғап – мылқауларға таптырмас құрал. Саусақтар арқылы терілген сөйлем экранда шығып тұрады. Температура төмендесе, тоқ беріп жылатады, одан адамға зиян тимейді.
«Ол осы қолғап күйінде немесе басқа да киім ретінде бола алады. Біз қолғап ретінде алдық, себебі қол астында әрі ыңғайлы болады. Бізге патент берсе, біз осыны шын өмірде қолданамыз деп ойлаймын. Оның барлығы платформасында орнатылған», дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Абылайхан Әділбек.
Әлеуметтік бағыттағы «электронды мата» немесе «ақылды киім» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандарды бейімдеп, оңалту үшін аса маңызды. Оны жаппай қолданысқа енгізсе, қазіргі нұсқаларына қарағанда анағұрлым арзанға түседі екен.
«Жобаны қазірдің өзінде жүзеге асыруға болады. Олар аса қарапайым, бірнеше құрылғыдан ғана тұрады. Біз оны өз мектебіміздің базасында құрастырып, жинай аламыз. Бұл – еліміз үшін бірегей жаңалық», деді информатика және роботтық техникалар пәнінің мұғалімі Александр Шерцер.
Оқушылар бұл жаңалықтары үшін жақында патент алуды жоспарлап отыр. Одан ары өндіріске жол ашылады деген үмітте. Өнертапқыш өрендер көктемге салым болатын облыстық байқауға өзге де жобаларын дайындап жатыр.
Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров
Фото:24.kz