«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жобасы бойынша салынған күре жол өз елімізде 2016 жылдың соңында толық қолданысқа беріледі. Автокөлік жолдары комитеті бүгін осындай мәлімдеме жасады. Комитет төрағасының орынбасары Амангелді Бековтың айтуынша, қазір бітпей тұрған үш жол бөлігі бар. Олар Ташкент-Шымкент, Алматы-Қорғас және Шымкент пен Жамбыл облысының шекарасына дейінгі аймақ. Өткен жылы жобаны іске асыру үшін 75 млрд теңге игеріліп, 144 шақырым жол қолданысқа берілген. Ал жалпы еліміз бойынша 2015 жылы 456 шақырым тас жолға күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды 24 kz арнасы.
«Қытаймен шекарадағы Қорғас бекетінен Қызылордаға дейін төрт жолақты жол болады. Бұл шамамен 1400 шақырымды құрайды. Бүгінде осы бағытта қозғалыс екі есе көбейді. Ал құрылыс аяқталғаннан кейін жолдағы уақыт та екі есе азаяды. Сондай-ақ қауіпсіздік жағы да жоғары болады деп жоспарлап отырмыз», деді ҚР ИДМ Автокөлік комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков.
Фото: otyrar.kz