Индонезия билігі Суматраның 9 провинциясының үшеуінде болған су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялады. Аталмыш апаттың салдарынан кемінде 43 адам құрбан болған. Бұл туралы жұма күні Straits Times басылымына берген сұхбатында Апаттардың алдын алу жөніндегі ұлттық агенттігінің ресми өкілі Суторо Пурво Нугхоро мәлім етті, деп хабарлады ТАСС агенттігі.
Оның айтуынша, елдің өзге де провинцияларына су тасқыны қаупі төніп тұр. «Төтенше жағдайларға жауапты орган өкілдері жоғары деңгейдегі әскери дайындыққа келтірілді. Тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру, уақытша баспаналар салу мен өзге де мақсаттарға 11 миллионға жуық доллар бөлінді»,-деді ол.
Билік өкілдерінің мәліметтерінше, Бангка-Белитунг, Батыс Суматра және Риау сияқты аралдарда орналасқан провинцияларда мол көлемде жауған жаңбырдың салдарынан болған табиғат апатының салдарынан 100 мыңнан астам адам баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған.
Мол көлемдегі жаңбыр Индонезияның кейбір аудандарында өткен жылдың қарашасынан бері жауып жатыр. Сарапшылар бұны соңғы 30 жылда болған ең мықты су тасқыны деп бағалады.
Фото: kaztrk.kz