Алматыда қалың жауған қардан соң, қаланың қапталындағы өзендер арнасынан асуға шақ қалған. Сондай-ақ кәрі ағаштардың құлау қаупі басым болды. Бірақ құтқарушылар қарап жатпай, қатердің алдын алу үшін дереу іске кірісті. Олар қураған желектерді бұталап, өзендердің бетін мұздан аршыды. Төңіректі күл-қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Алматылық құтқарушылар екі күннен бері қар басып, үй төбесі мен тұрғындар өтетін жол жиегіне қарай қисайған ағаштарды кесуде. Қалада мұндай желектер саны көп екен. Сондықтан осыған алаңдаған тұрғындар сағат сайын 109 нөміріне қоңырау шалумен болған.
«Кеуіп кеткен ағаштар жел соққанда сынып кетіп, адамның басына құлауы мүмкін. Алматы қаласында сулы қар жауғандықтан, қарды көтере алмайды ағаштар. Адамдар өтетін жерлерде сынып жатады. Солардың апаттық жағдайын алдын аламыз», - деді құтқарушы Рауан Нұрланов.
Құтқарушылар апаттық жағдайдағы ағаштарды ғана назарға алмай, өзен суларын да қатқан мұзбен бен қатқыл қалдықтан аршып жатты. Өйткені, аңғар дер кезінде тазаланбаса, асау өзен арнасын асып, тасқынға ұласуы мүмкін еді. Жұмысшылар қазір қаладағы өзендердің маңында қызу жұмыс атқаруда.
Соңғы күндері Алатау ауданының алаңдаған тұрғындары құтқарушыларға тыным бермей, үй маңынан ағып жатқан Қарғалы өзенінің жағдайын айтып дабыл қағыпты. Себебі, күннің күрт сууынан аталмыш өзеннің бетіне қалың мұз қатып, судың ағысына бөгет жасаған. Нәтижесінде, тіршілік нәрі маңайға жайылып, жақын жердегі үйлерге қауіп төндіріпті. Қазір құтқарушылар Қарғалы өзенінің бетіндегі мұздарды арнайы техникамен тазалап, түбіндегі қоқыс пен құмды сыртқа шығаруда.
«Біз тазалап жатырмыз. Елдер өзенге үйден шыққан қоқыстарды тастайды. Сол қоқыстарды және құмдарды шығарып, қатқан бетіндегі мұздарды алып тастаймыз. Өйткені, оны алмаса өзен жағасында тұрған үйлерді су алу қатерлері төніп тұр. Екі күннің ішінде 800 метр өзен тазаланды. Соның ішінде 300-ден жоғары қоқыс пен қарлар шығарылып отыр», - деді Алматы қ. Құтқару қызметі директорының орынбасары Ержан Қаңлыбаев.
Құтқарушылардың сөзінше, қазір қалада су тасқыны болу қаупі жоқ. Қарғалы өзеніндегі су деңгейі қалыпты. Десе де, өзенді тұрғындар тастаған қобырсыған қоқыстан тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Егер ауа температурасы түн ішінде күрт төмендесе, кез келген қауіптің алдын алу үшін арнайы топ кезекшілік етеді. Дәл осындай жұмыстар Наурызбай ауданында да жүргізіліп жатыр. Мұнда Ақсай өзені қар мен мұздан, сондай-ақ күл-қоқыстан тазартылуда.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев
Фото: otyrar.kz