Атадан балаға мирас болып қалған өнерді заманға сай жаңғыртып келе жатқан ұсталардың қолынан шыққан бұйымдар бүгінде жергілікті халық пен шетелдіктердің үлкен сұранысына ие болып отыр. Төлеш Мадиев он ағайынды. Әкесі қызыл ағаштан ою ойған шебер болған. Төлеш шеберханада әкесіне қолғабыс ете жүріп, ағаштың «тілін» түсіне бастайды. Суретті нақышына келтіріп салатын ол Есіктегі Мәдениет үйінде суретші-безендіруші болып еңбек етеді. Дәмханалар мен мейрамханаларды безендіріп, жиһаз жасайды. Өнерін ізденіспен ұштастырған шебердің бұйымдарына қазір тапсырыс көп, деп хабарлайды 24 kz арнасы.
Соңғы 7 жылда қара ағаштан қазақтың ұлттық ыдыстары: қымыз кесе, астау, ет-табақтарды жасаумен айналысып келемін. Біздің бағытымыз басқалардан ерекше – классика мен ұлттық стильді біріктіріп жасаймыз. Бұл ыдыстарды қазақ үйде де, қаланың пәтерінде де қолдануға болады, дейді ағаш шебері Төлеш Мәдиев.
Ертеректе ата-бабаларымыз ағаш ыдыстарды пайдаланған. Мұның сыры – бұйымның табиғи таза заттан жасалғанында болса керек.
Ең бірінші қымыз ішетін ыдысты жасаудан бастадық. Алғашында қиыншылықтар болды. Уақыт ете келе шыңдалдық. Кәсібімнің табысы отбасымды асырауға жетеді, дейді шебердің көмекшісі Степан Максименко.
Ағаштан жасалған мұндай өнер туындылары өте қымбат тұрады. Оны жасауға бір апта уақыт кетеді екен. Тағдырдың жазуымен бірнеше ұлт өкілдері бас қосқан отбасы мүшелерінің қолынан шыққан бұл дүниелер әр дастарханның сәні болары сөзсіз.
Гүлжан Көленқызы, Галина Муленкова, Ерлан Абжанов
Фото: vk.com