Аулаларды заңсыз қоршауға болмайды. Қалада тұрғын үйдің айналасындағы аумақтарды заңсыз қоршап, көлігін қоятын азаматтар жауапқа тартылады. Айыбы дәлелденсе, айыппұл арқалайды. Құзырлы орындар осындай бірнеше нысанды анықтады, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Бұл Алмалы ауданының аумағы. Жалпыға ортақ жерді өздеріне меншіктеп алған кейбір автокөлік қожайындары тұраққа осындай қара құлып салып қойыпты. Бұл - заңсыз әрекет. Темірден соғылған бөгеттердің кесірінен кейде ауланың өзінде кептеліс пайда болады екен. Тексеру тобы темірден жасалған аталмыш тұрақтардың көзін бірден жойды.
"Тіпті, өткен ғасырда салынған ескі көлікжайлардың орналасуы да қазіргі талаптарға қайшы. Салынғанына жарты ғасыр болған мына нысандар құлауға шақ тұр. Егелері жоқ болғандықтан, қаңғыбастардың ордасына айналыпты. Ал, құзырлы орындар ескі нысандардың қожайындары белгісіз болғандықтан, сүре алмаймыз деп отыр",- деді Алматы қ. Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Арман Нарботаев.
Ал, аулаларға қойылған мына контейнерлердің қожайындары қазір анықталып жатыр. Егер құжатсыз, заңға қайшы болса, иелері айыппұл арқалайды.
"Біз қараусыз қалған көлікжайлардың егелерін іздестіріп жатырмыз. Апаттық жағдайда тұрған нысандарды сүретін боламыз. Өйткені олар қала көркін бұзады. Егер ол нысандар заңсыз немесе рұқсатсыз қойылса, заң жүзінде ескерту жасап, тіпті айыпұл да саламыз",- деді Алматы қ. Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Руслан Айтанов.
Жалпы ауладағы мұндай заңсыз әрекеттер жиі анықталып тұрады,- дейді құзырлылар. Деректерге сүйенсек, тек бір ауданның өзінде аптасына осындай 5 заң бұзушылық әрекеттер тіркеледі. Ал, оларға салынатын айыппұл көлемі 40 мың теңгеден басталады.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко
Фото:yvision.kz