Су тасқыны жүру қаупі күшейді. Оған ауа райының жылуы басты себеп. Осыған орай Құтқару қызметі мамандары шұғыл алдын алу жұмыстарына көшкен. Демек бүгінгі таңда қауіпті аймақтар бақылауға алынып, тазарту жұмыстары жүруде, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
№7 қалалық аурухананың қасындағы өзен аңғарында жұмыстың жүріп жатқанына осымен үшінші күн. Құтқару қызметі өзенді қар мен қоқыстан арылтуда. Күннің күрт жылуынан қар еріп, су деңгейі көтерілген. Бұл жағаға жақын үйлерге қауіп төндірген.
"Оқиға орнына құтқару қызметі мен өзге де қосымша мамандар келді. Түнімен жұмыс істеді. Райымек даңғылының жоғары және төменгі жағында жұмыс әлі жүріп жатыр. Осындай жәйттарға қатысты мониторинг жиі жүргізіліп тұрады",- деді Алматы қаласы Құтқару қызметінің баспасөз жетекшісі Гаухар Нөкербекова.
Судың арнасынан асқанын Достық шағын ауданының тұрғындары хабарлапты. Оқиға орнына шұғыл жеткен мамандар өзен аңғарларынан мың шаршы метрден астам қалдық шығарған.
"Қардан бес шақырым тазаладық. Қоқыс лақтырады. Содан су жүрмей, қауіп төнуі мүмкін. Біз соған жеткізбей алдын аламыз",- деді Алматы қаласы Құтқару қызметінің жұмысшысы Азамат Есімхан.
Төтенше және құтарқу қызметінің мамандары қала аумағы арқылы өтетін әлі 20 өзенді мұздан аршымақ. Қазір жедел түрде бақылауға алынған жердің бірі - Тіксай өзені. Думан ықшам ауданы арқылы өтетін өзендегі бөгеттер алынғалы су бірқалыпты ағуда. Тасқынға қарсы тас-түйін дайын тұрған құтқарушылар әзірге қала тұрғындарына қауіп жоқ деп сендірді.
Әмірболат Құсайын, Валерий Таубалдиев
Фото: i-news.kz