WBA (Super), IBO, IBF және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы Геннадий Головкин мен Доминик Уэйд Нью-Йоркте баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Шара барысында боксшылар журналистер сұрағына жауап беріп, «Face to Face» рәсімін өткізді.
«Қазіргі кезде өзімді жақсы сезініп тұрмын. Жаңа жыл, жаңа жұдырықтасу. Доминик Уэйдты құрметтеймін. Ол осыған дейін жеңілмеген спортшы әрі міндетті үміткер. Бұл қиын. Бойымда жаңа эмоциялар бар. Кім жеңетінін білмеймін. Бұл бокс», - деді Геннадий Головкин.
Өз кезегінде Уэйд алдағы жекпе-жекте Головкиннің жеңіске сенімді үміткер екеніне қарамастан, еш алаңдаушылық білдірмеді.
«Мен оған назар аудармаймын. Бұл мені шаршы алаңға шығып, әлемді таңғалдыруға ынталандыра түседі. Солай жасамақпын. Мен Головкинге тым артық баға берілді деп ойлаймын. Жұрт оны «Супермэн» қылып қойды. Мен оны сондай деп ойламаймын. Оның бокстағы ойынында осал тұстарын көріп тұрмын. Ол қарапайым, бірақ айналасындағы шу көптеген адамды қорқытып отыр», - деді Уэйд.
Еске сала кетейік, боксшылар арасындағы жекпе-жек 23 сәуірде «Форум» аренасында өтеді.
Бұл Геннадий Головкиннің спорттық мансабындағы 35-ші жекпе-жегі болмақ. Ал, Доминик Уэйд 18 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетіп, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған.
Фото: www.sports.kz