Қазақстан Республикасында сайлауды бақылау бойынша республикалық қоғамдық комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісіне және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау қарсаңында бақылаушыларға арналған семинар-тренингтерді өткізуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз бақылаушыларға олардың құқықтарын, міндеттерін түсіндіреміз және бақылаушыларға қолдау көрсету өңірлік орталықтарымен және сайлауды бақылау бойынша республикалық қоғамдық комиссиясымен байланыс орнату бойынша жұмыстарды жүйелеп береміз. Бақылаушылар күніне 2 АЕК көлемінде жалақы алады. Жұмысқа олар 20 наурызда кіріседі. Ал әзірге оқытудан өтетін болады. Бізде Қазақстанда 10 мыңнан астам қоғамдық бақылаушылар бар, біз олардың барлығымен семинарлар өткіземіз. Бұл өте үлкен жұмыс болғалы тұр», - деді сайлауды бақылау бойынша республикалық қоғамдық комиссиясының мүшесі Арман Ешмұратов.
Оның сөзіне қарағанда, бақылаушы боламыз деп ниет танытқан қазақстандықтардың көбі тәжірибелі, себебі алдында болған президенттік сайлауда бақылаушы болған. Арман Ешмұратовтың сөзі бойынша, оларды таңдау барысында қиын талап қойылған емес, кәмелеттік жасқа толған болса, жеткілікті.
Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен алғашқы семинарда бақылаушылардың құқықтық және тәжірибелік үдерістеріне мән берілді.
Сонымен қатар комиссия штабымен жасалған оқу құралы мен бақылаушының кітапшасы таныстырылды.
Жасұлан Жолдыбаев
Фото: www.isavella.kz