Бұдан былай алимент төлеуден жалтарып, шетел асқан әкелер жауапқа тартылады

Басқа шет мемлекетке кетіп қалу деген сөз ол – өз баласының алдында барлық материалдық жауапкершіліктен құтылып кетеді деген сөз емес.

Алимент төлеуден жалтарып, шетел асып жүрген азаматтар бұдан былай жауапқа тартылады. Бүгін Сенат комитетінің кеңейтілген отырысында осы мәселе қаралды. Алдағы уақытта Қазақстан 32 мемлекет пен Еуропа одағына мүше елдер арасында балалар алиментін өтеу бойынша арнайы келісімге қол қоймақ. Сол кезде 18 жасқа толмаған әрбір бала әкесі жырақта жүрсе де, материалдық қолдаудан қағылмайды, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Бүгінгі таңда мұндай азаматтардың қатары 200-ге жуық. Ал ел ішінде жүріп, алимент төлемейтіндердің саны 1500-ден асады. Енді Заң жобасы Сенаттың пленарлық отырысында қаралмақ.

"Жасы кәмелетке толмаған бала ол мейлі Қазақстанда болсын, мейлі басқа шет мемлекетте болсын, ол ата-анасының құрметін, материалдық көмегін де көруі қажет. Басқа шет мемлекетке кетіп қалу деген сөз ол – өз баласының алдында барлық материалдық жауапкершіліктен құтылып кетеді деген сөз емес. Сондықтан мына конвенция осы мәселемен айналысатын мемлекеттік органдар арасында ықпалдастықты біріктіруге күш салатын өте қажет заң", деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бектас Бекназаров.

Бұдан бөлек, жергілікті сот қызметінің өкілеттігін кеңейту мәселесі де назарға алынды. Алдағы уақытта шет мемлекеттерден азаматтық немесе сауда істеріне қатысты мәліметтерді алу төңірегінде арнайы конвенцияға қол қою жайы қаралып жатыр. Бұл жоба бойынша Қазақстан 50-ден астам мемлекетпен келісімге келе алады.

Фото: zhambylnews.kz

Следите за новостями zakon.kz в: