Павлодарда кешқұрым уақытта көшеде нәзік жандыларды тонады деген күдікпен 19 жастағы жігіт пен бойжеткен ұсталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, қылмыстық нысанды назарға алған жастар күш қолдану арқылы азаматшалардың ақша мен ұялы телефондар салынған сөмкелерін жұлып алған. Осылайша, 500 мың теңге шығын келтірілген. Бір аптаның ішінде зардап шеккен үш әйелдің бірі тонаушыны есінде сақтап, «102» құтқару нөміріне қоңырау шалған. Заттай айғақтар алынып, иелеріне қайтарылды.
Аталмыш фактіге қатысты бұған дейін сотты болмаған, ешбір жерде жұмыс істемейтін жастар ҚР ҚК-нің 191-бабы бойынша жазаға тартылады. Олар бұл әрекетке қаржы қажет болғандықтан барғандарын айтады. Қазіргі таңда жігіт Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына жіберілді. Ал, бойжеткенге қатысты кепіл түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Полицейлер қыз бен жігіттің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар деген болжам жасап отыр.
Фото: www.056.ua