Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдаған кәсіпорындар мемлекеттен субсидия алады. Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа заң жобасында халықтың ең әлжуаз топтары - мүгедектерді жұмыспен қамту туралы нормалар енгізілді. Біз кәсіпорындарға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдау үшін 2-4 пайызға дейін квота белгілеген болатынбыз. Бұл ретте, есту, көру қабілетінен айырылған, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін кәсіпорындарда арнайы жұмыс орындары құрылып, арнайы құрал-жабдықтармен жарақталған болуы шарт. Егер жұмыс беруші осы жағдайларды реттеп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдайтын болса, олардың шығындары мемлекет тарапынан субсидияланады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, ондай арнайы жұмыс орындарының мерзімі 12 айдан кем болмауы керек. Бұл - мемлекеттен субсидия күтетін кәсіпорындарға қойылатын негізгі шарт.
Қанат Мәметқазыұлы
Фото: gagauzmedia.md