Елімізде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай мерекелік шаралар басталды. Алматыда халықаралық симпозиум өтті. Шараны Алматы облысының әкімдігі мен Мұхтар Әуезов атындағы өнер және әдебиет институтының ұжымы ұйымдастырған, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Қазақ әдебиеттанушылары мен шетелдік меймандарды Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова құттықтады. Мерекелік шараларға АҚШ, Ресей, Түркия, Қырғызстан және Грузиядан келген танымал әдебиет өкілдері қатысуда. Бір аптаға созылатын бағдарламада сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың шығармашылығы мен рухани бай мұрасы насихатталады.
Ақынның басты мерейтойы жексенбі күні Алматы облысы Жамбыл ауданында өтеді. Ғалымдар жамбылтану бағытында елімізде жасалып жатқан ғылыми-танымдық зерттеулер мен іс-шаралар науқандық сипатпен шектелмеуі керек деп есептейді.
"Республиканың оқу орындарында осы күндері Жамбылға арналған түрлі шаралар өтіп жатыр. Енді ол шаралар науқанды шара болып қалмай, қазақтың Жамбылы болғасын, Абайы, Қасымы, Махамбеті болған соң, үлкен деңгейде өткізіліп тұруы керек. Оған үлкен қаражат керек деп ойламаймын", дейді Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай.
Ришат Асқарбекұлы
Фото: massaget.kz