Болжамға сәйкес 2016 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 6,9 мың долларды құрайды, деді бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, деп хабарлайды Zakon.kz, primeminister.kz берген мәліметке сүйеніп.
«2016 жылы халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ 6,9 мың АҚШ долларына болжанады. Бұл негізінен доллардың теңгеге қатысты бағамның өзгерісіне қарай есептеліп отыр», - деді Е.Досаев.
Осылайша, оның айтуынша, мұнай мен металдар бағасының жаңартылған сценарийлерін, сондай-ақ экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша дағдарысқа қарсы жоспарланған қосымша шұғыл шараларды ескергенде ЖІӨ өсімі 2016 жылы 0,5%-ды құрайды.
Оған қоса, 2016 жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,5 пайыздық деңгейге өсетіні болжанады. 2016 жылы елімізде мұнай өндіру 74 млн тоннаны құрайтын болады.
«Ұлттық банктің болжамы бойынша 2016 жылы инфляция 6,0-8,0% дәлізінде болжанады. Бұл бұған дейінгі бекітілген көрсеткішке сай келеді», - деп толықтырды ҚР ҰЭМ басшысы.
Болжанған ЖІӨ өсімін ескергенде республикалық бюджет кірістері 2016 жылы 3,3 трлн теңгеден астам көлемде бағалануда.
Фото: www.matritca.kz