Германия барлық босқындар үшін тәртіпті күшейтетін «2-миграциялық пакет» деп аталатын кешенді заң қабылдады, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Енді қоныс аударушылар бұрынғыдай баспана сұрап бірнеше қалаға өтініш жасай алмайды. Сондай-ақ, интеграциялық курстардың кейбірін босқындардың өздері төлейді.
«Бұл кірмелер санын едәуір азайтады», - дейді депутаттар. Мұндай ережеге кәмелеттік жасқа толмағандар да бағынуы тиіс. Сириялық босқындар мен денсаулығы сыр бергендер де осы тәртіпке мойынсұнады.
Тіпті жаңа ереже қауіпсіз саналатын елдерді де қамтып отыр. Олар үшін Германияда жүріп-тұруға шектеу бар. Сондай-ақ, олар арнайы орындарда тұрып, өтініштері жедел қаралады.
"Біздің мақсатымыз – келетін босқындардың санын азайту. Екіншіден, көші-қон бақылауын жақсарту. Үшіншіден, Германияға келетін босқындарға жағдай жасау. Босқындарды қабылдауға мүмкіндігімізді сақтап қалу үшін келушілердің санын азайтуымыз қажет", дейді Бундестаг депутаты Андреа Линдхольц.
Бундестагта қабылданған тәртіптің тағы бір ерекшелігі, заң бұзған босқындарды бірден елден шығарып жіберу. Ал ұсақ құқық бұзушылық жасағандар қаржылай өтемақыдан қағылатын болады.
Фото: www.glavny.tv