Атырау қаласының №2 соты саунада қызмет ақысын төлемей бүлік шығарып, кейін мас күйінде автокөлікке отырып адамды басқан азаматты қамауға алды, -деп хабарлайды Zakon.kz, Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйеніп.
Тергеу дерегіне сәйкес, азамат С.Б. өзінің туысымен Атырау қаласындағы сауналардың біріне келген. Мекемеден шығар кезде ол сауна қызметі ақысын төлеуден бас тартады. Қызметкерлердің сөздеріне құлақ аспай, ашуланып, балағаттайды.Ақша төлеудің орнына мас жүргізуші өз көлігіне отырып, артқа шегінген кезде өз туысын басып кеткен. Содан соң, ашуға ерік берген қонақ сауна қызметкерлерін көлікпен қуады. Шатақ шығарушы олардың бірін қағып, оны көлікпен 10-15 метр жерге сүйреп апарып, бірнеше рет жәбірленушінің үстінен таптап өткен. Артынша оқиға болған жерден бой тасалайды.
Нәтижесінде жәбірленуші алған ауыр дене жарақаттарының әсерінен ауруханада көз жұмған.
Қазіргі уақытта, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 108 бабына сәйкес сотпен екі ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтарпау шарасына санкция берілді.
Тергеу амалдары жалғасуда.
Фото:www.3652.ru