2018 жылдан бастап барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде оқытылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ вице-министрі Такир Балықбаев мәлім етті, - деп хабарлайды «Қазақстан» ҰТА.
«2018-2019 оқу жылынан бастап, барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы» орыс тілінде және бірқатар пәндер ағылшын тілінде оқытылады деп жоспарлап отырмыз. Олар: информатика, химия, биология және физика пәндері», - деп түсіндірді Т.Балықбаев.
Сонымен қатар елдегі мектептерде ағылшын тілін оқыту сағаттары кезең-кезеңімен ұлғайтылады.
«Бізде бірнеше жыл бұрын ағылшын тілін бірінші сыныптардан бастап оқыту енгізілген болатын. Биылдан бастап, біз ағылшын тілін оқыту сағаттарын аптасына 1-ден 2 сағатқа дейін көбейттік. Біздің мақсатымыз - балалардың бастауыш сыныптардан бастап ағылшын тілінде сөйлесудің бастапқы деңгейін меңгеруін қамтамасыз ету. Оның үстіне 2018-2019 оқу жылында Қазақстанда үш тілді оқыту моделі енгізілгеннен кейін, бірқатар пәндерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытылады», - деді вице-министр.
Фото: bnews.kz