Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен ресейлік ғарышкер Сергей Волков Мемлекеттік награда – «Достық» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Bnews.kz.
Бүгін орбитада жарты жылға жуық жұмыс істеген ресейлік ғарышкер Сергей Волков, сондай-ақ жылдық ғарыштық миссиясын орындаған ресейлік ғарышкер Михаил Корниенко мен американдық астронавт Скотт Келли мінген «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесі Жезқазған қаласының маңына қонды.
С.Волков қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов ұшқан экипаждың командирі болғанын естеріңізге сала кетейік.
Қазғарыштың баспасөз қызметі атап өткендей, ұшқыштарды қарсы алған делегацияның арасында Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Ресей батыры, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ұшқыш-ғарышкер, Қазақстан Республикасының авиация-генералы Талғат Мұсабаев пен Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Т. Мұсабаев ғарыш экспедициясы мүшелерін қарсы алу рәсімі кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан мен Ресей халқы арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Роскосмостың ғарышкері Сергей Волковты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградасы – 2-ші дәрежелі «Достық» («Дружба») орденімен марапаттады.
Фото: newstop.kz