Алматы тұрғындарының саны күн сайын 100 адамға толығады. Қаладағы перзентханаларда тәулігіне орта есеппен осынша сәби дүние есігін ашады екен. Ал, қалалық емханалар күн сайын 140 мың адамды қабылдайды. Алматының денсаулық сақтау саласы өткен жылды осылай қорытындылады, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Биыл қалада бірқатар денсаулық сақтау мекемесі пайдалануға берілді. Олар Түрксіб, Наурызбай және Алатау аудандарында орын тепкен. Оған қоса, №6 және №11 қалалық емханалардың қосымша ғимараттары жуырда ашылатын болады. Сонымен қатар, қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының зертханалық корпусының құрылысы аяқталуда.
"Ашылатын медициналық нысандарды қабылдауға мәслихат депутаттарын тартуды көздеп отырмыз. Қалқаман ықшам ауданында 200 адамға шақталған емханананың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ осы жылдың тамыз айында №14 емхананы қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз",- деді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметов.
Алматыда жазатайым оқиғалар мен жарақат және уланудан болатын өлім саны салыстырмалы түрде 2,4 пайызға төмендеген. Өткен жылы 973 мыңнан аса адам скринингтік тексеруден өтіп, 95 мыңы науқас екені анықталған. Туберкулезден өлім көрсеткіші 3 есеге қысқарыпты. Ал, бұл аурумен сырқаттану көрсеткіші 35 пайызға төмендеп, республика бойынша жоғары нәтиже көрсеткен. Қуанышты жаңалық, өткен жылы қалада ана мен бала өлімінің көрсеткіші кеміпті.
"Менің ойымша, еліміздегі азаматтардың басым бөлігі Алматыда емделеді. Әсіресе, патологиясы бар науқастар дертіне шипа алу үшін қалалық дәрігерлерге жүгінеді. Алматы донор болғандықтан, басқа өңірлерге қарағанда оған жоғары жетістіктерді көрсету қиынға соғады",- деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі комитетінің төрағасы Әмір Ахетов.
Күн сайын Алматыдағы емханаларға 140 мыңнан астам тұрғын көмекке жүгінеді. Соның ішінде 60 мыңнан астам азаматқа зертханалық, 15 мыңнан астамына диагностикалық зерттеу жүргізіледі. Сондай-ақ екі мыңға жуық науқас күндізгі стационарда ем қабылдайды. Оларға 30 мыңнан астам дәрігер қызмет көрсетеді.
Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов
Фото: news.caravan.kz