Алматы облысында тұратын 117 анаға 8 Наурыз мерекесі қарсаңында Президенттің Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» берілді. Олардың арасында Талдықорғаннан Майра Бақтыбаева, Талғар ауданынан Айтбала Тасыбаева, сарқандық Нұргүл Мамбетбаева, Райымбек ауданының тұрғыны Гүлзат Қоңырбаева мен Еңбекшіқазақ ауданынан Кәмшат Дәулетбаева Халықаралық әйелдер күні қарсаңындағы салтанатты қабылдауда марапаттарын облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан алды, деп хабарлайды Zakon.kz, Алматы облысы әкімдігінің берген ақпаратына сүйеніп.
Облыстың аудан-қалаларынан шақырылған 200 әйел қатысқан мерекелік қабылдау барысында өңір басшысы А. Баталов соғыс және еңбек ардагерлеріне, құрметті азаматтарға, қоғам қайраткерлеріне, көп балалы аналар мен әр саланың озат қызметкерлеріне өзінің алғысын жеткізді. Өз сөзінде қазіргі қоғамда әйелдер отбасынындағы аяулы ана, жақсы жар болу міндетімен қатар кәсіби қызметте де белсенді жұмыс істеп жүргенін тілге тиек етті.
«Біздің қоғам – үлкен үй секілді, мұнда да сіздер өз шаңырақтарыңыздағыдай жас ұрпаққа қамқорлық жасап, қарияларға қызмет етіп жүрсіздер, қашанда ортаның тыныштығына тірек болып, шырайын кіргізіп келесіздер. Үздік саясаткер де, табысты кәсіпкер де, талантты ғалым да, білікті дәрігер де, ұлағатты ұстаз да – әйелдер. Осы мерекеде сіздерге мықты денсаулық, мол бақыт, шаңырақтың шаттығын тілейміз», - деді А. Баталов.
Мұнан соң облыс басшысы бірқатар аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқа», облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапаттады.
Өз кезегінде әйел азаматтар да мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдауға ризашылықтарын білдірді.
Аналар мен аруларға сыйлықтар беріліп, оларға арнап қазіргі қазақ эстрадасының өкілдері ән шырқады.