Алматы қаласында Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математикалық факультетінде өткен Ө.Жолдасбеков атындағы VI халықаралық байқаудың қорытындысы бойынша сегіз ғылыми жобаның авторы жүлделі тоғыз орынға ие болды. Оның біреуі - алтын, үшеуі - күміс, бесеуі – қола, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Павлодар облысы командасының құрамына республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды және облыстық кезеңдерінің 13 жеңімпазы мен жүлдегері енген. - Конкурсқа Қазақстанның барлық аймағынан және Тәжікістан, Грузия, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінен 224 жобамен 11-сыныпта білім алатын 250 оқушы қатысты.
Аталмыш білім додасында 1-орынды «Жергонна және Нагель Чевиандары» атты жобасымен дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің оқушысы Мұса Әкежан, 2-орынды «Графалардағы метрикалар» жобасымен облыстық дарынды балаларға арналған көп салалы лицей-интернатының оқушылары Олжабай Алмаз және Айнұр Уән, «Жетілуге жуық сандар» жобасымен Екібастұз қаласының дарынды балаларға арналған №1 лицей-мектебінің оқушысы Накия Бердиева иеленді.
Сондай-ақ «Жас дарын» мамандандырылған мектебінен Әбу Арыстан және Айдар Ускембаев, Павлодар қаласының №9 гимназия-мектебінен Анель Алдабергенова, дарынды балаларға арналған №3 гимназиясынан Дамир Кокишев, Екібастұз қаласы №26 мектеп-гимназиясынан Малика Айтжанова жүлдегерлер қатарынан орын алды, - дейді орталық директорының орынбасары Азамат Шаймұрат.
Айта кетерлігі, өткен жылы павлодарлық оқушылар тек төрт жоба бойынша үш орынға ғана ие болса, биылғы жылы жеңімпаздар саны екі есеге артқан.
Фото:pavlodarnews.kz