Ресейдің Новосібір қаласында құпия құрылтай өткізбек болған 120 ұлтшыл ұсталды. Олардың басым бөлігі Кемеров облысы, Алтай және Сібірдің түкпірінен келіпті. Бұл туралы Лайфньюс басылымы хабарлайды, деп жазады Halyknews.kz
Ұлтшылдар өткізетін шараны құрылтай деп емес, концерт деп жасырмақ болыпты. Қаладан үлкен үйді жалға алып, жиынды бастай бергенде, арнайы жасақ сау ете қалды. Бөлмелерден заң бойынша тыйым салынған фашистік белгілер, жалаушалар мен өзге де заттар табылған.
«Бұрынғы «Реструкт» ұлттық социалистік қозғалысы Новосібір бөлімшесінің белсенділері көрші аймақтағы ұжымдардың қатысуымен субмәдениетті музыкалық концерт ұйымдастырды.
Онда оңшыл радикалдық идеялар, зорлық—зомбылық, ұлттық өшпенділік насихатталды»,— деп хабарлады федералдық қауіпсіздік қызметі басқармасының Новосібір бөлімшесіндегі ресми өкілі Ирина Зеброва.
Басылымның хабарлауынша, ұлтшылдар Новосібірге ән айтып, би билеу үшін ғана жиналмапты. Жиынның мақсаты түрмеге қамалған ұлтшылдарды сырттан қолдап отыру үшін ақша жинайтын «общак» құрмақ болған екен.
Фото:tvzvezda.ru