Кеше кешке Анкараның орталығында жойқын жарылыс болды. Түрік билігі хабарлағандай, оқиға салдарынан кем дегенде 34 адам ажал құшқан, тағы 125-і жараланды, деп хабарлайды BNews.kz
Жарылыс жергілікті уақытпен сағат 18:43-те Анкараның бас көшесінде – Ататүрік атындағы бульварда, қалалық Қызылай алаңы мен Гювен саябағының маңында орын алды. Алдын ала деректерге сүйенсек, жанкешті лаңкес автобус аялдамасына таяу маңда мина қойылған көлікті жарып жіберген. Бірнеше көлік лезде отқа оранды. Оқиға орнына жақын жерде бірнеше үкіметтік ғимарат, соның ішінде Әділет министрлігі, ІІМ мен Жоғарғы сот, сондай-ақ ірі көлік торабы орналасқан.
Жарылыстан кейін түрік билігі бірден Facebook әлеуметтік желісі мен Twitter микроблогтар сервисін бұғаттап тастады.
Түркияның денсаулық сақтау министрі Мехмет Муэззиноглудың мәліметінше, лаңкестік салдарынан 30 адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен, тағы төртеуі ауруханаға барар жолда көз жұмды.
«Қазір 125 адам ауруханада жатыр, олардың он тоғызының хәлі ауыр», - дейді ведомство басшысы.
Террорлық актіден кейін Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу шұғыл кеңес өткізді. Жарылысты кім ұйымдастырғаны туралы ресми ақпарат әзірге жоқ. ІІМ басшысы Эфкан Ала дүйсенбі күні тергеу аяқталып, лаңкестердің кім екені белгілі болып қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Фото: ria.ru