Алматыда тау бөктеріндегі заңсыз нысандардың орнына саябақтар салынуы мүмкін

Әзірге сүруге іліккен бір ғана нысан бар. Құрылысы енді басталған басқа кешендердің қабат санын да, сәулет-жоспарын да мамандар қатаң бақылауға алмақ.

Үштен биік үй тұрғызуға болмайды. Алматының тау жақ беткейіндегі талапқа сай келмеген үйлер біртіндеп бұзылып жатыр. Бұған дейін "тауға жақын орналасқан нысандардың биіктігі 12 метрден аспауы тиіс" деген қала әкімдігінің қаулысы шыққан еді. Осыған орай бес қабатты нысанның жоғарғы екі қабаты қиратылды, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Бұл - әл-Фараби даңғылы мен Қожанов көшесі қиылысындағы«Бәйшешек» ықшам ауданындағы тұрғын үй кешені. Құрылысы биылғы шілде айында аяқталуы тиіс нысанның 4 пен 5-ші қабаттарындағы пәтерлер әлі сатыла қоймапты. Жоғарғы екі қабатын бұзу жұмыстары басталды. Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек "әл-Фараби даңғылының тау жақ беткейінде орналасқан нысандардың биіктігі 3 қабаттан немесе 12 метрден аспауы тиіс" деп тиісті тапсырма берген болатын.

"Әкімдіктен ресми сүру туралы заңды құжатты қолымызға алдық. Қазіргі таңда нысанның сыртқы қабатын, бөлме ішіндегі аралықты және пәтер арасын сүру жұмыстары жүргізілуде. Одан кейін ғана темір бетонды бөлшектейміз. Талапқа сәйкес, нысан енді 3 қабатты болады. Тұрғын үй кешенін сүру өз қаржымыздан жасалатындықтан, біз қосымша құрылғы сатып алдық. Сүру жұмыстары 1 айдың ішінде аяқталады",- деді құрылыс нысанының бас инженері Константин Елизаров.

Әзірге сүруге іліккен бір ғана нысан бар. Құрылысы енді басталған басқа кешендердің қабат санын да, сәулет-жоспарын да мамандар қатаң бақылауға алмақ. Сондай-ақ қала билігі алматылықтарды құрылыс бастамас бұрын алдымен экологияға зиян келтірмеуді ойлауға шақырады. Тағы бір жаңалық, бұдан былай таулы аймақтар мен тау бөктерінде құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ. Ал, қазір құжатсыз құрылыс салғандар анықталып жатыр. Өткен жылы Алматыда осындай 24 заңсыз нысан анықталыпты.

"Қазіргі таңда Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасымен әл-Фараби даңғылының оңтүстігінде орналасқан жерлерді тексеру жүргізіліп жатыр. Заңсыз құрылыстарды анықтау жүргізіліп жатыр. Бұған дейін де жүргізілген. Сол жұмыстар аяқталғанан кейін толық ақпаратты бере аламыз",- деді Алматы қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекциясының бас маманы Біржан Қожаниязов.

Заңсыз бой көтерген нысандардың орнына болашақта үлкен саябақтар салынуы мүмкін. Тіпті жасыл-желектің көлемі ұлғайып, тау бөктерінде халықтың демалуына мүмкіндік жасалады.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақпаев

Фото:azh.kz

Актау Актобе Алматы Кызылорда Нур-Султан Семей
Следите за новостями zakon.kz в: