Қарағанды облысында тасқынның алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Өзен-көлдің жай-күйі қандай? Былтырғы жағдай қайталануы мүмкін бе? Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер өңірге іссапармен барып, аймақты аралап, құтқарушылардың дайындығымен танысты. Сондай-ақ апаттың алдын алу жұмыстарының толық орындалғанына көз жеткізді, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр көктемде Қарағанды өңірінде болған табиғи апатта 2 мыңға жуық отбасы зардап шеккен болатын. Нұра мен Шерубайнұра өзендердің жағалауында 50-ге жуық елді мекен орналасқан. Өткен жылы бұл ауылдар қызыл судың астында қалған болатын. Төтенше жағдай қызметі мамандарының мақсаты – биылғы су тасқынын алдын алу. Қазір өңірдегі ірі су қоймалары Самарқанд, Шерубайнұрадан жиналған су қорын ағызу жұмыстары жүргізілуде.
«Жалпы аймақ бойына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Былтырғы топан су биыл болмайды деген сенімдеміз. Жоспарланған дайындық жұмыстарының барлығы жүзеге асырылды, сондықтан су тасқыны болмайды деп үміттенеміз», ҚР ІІМ ТЖ комитетінің төрағасы Владимир Беккер.
Жалпы150 елді мекен қауіпті аймаққа кіріп отыр. Онда тұратын тұрғындар саны 40 мыңға жуық. Қазір облыста 50 су тасқынының алдын алу жұмыстары жасалды. Ал азық-түлік қоры 250 тоннаны құрайды.
«Биыл біз жоспарланған су бөгеттерінің құрылысын толық аяқтадық. Апат болған жағдайда да көшірілетін бекеттер дайын, азық-түлік немесе жанар-жағармай сияқты қажетті заттар сақадай сай тұр», -дейді облыс әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов.
Аймақтың 800-ге жуық шақырымын ұшып өткен төтенше жағдай қызметінің мамандары облыстың батыс, солтүстігі мен оңтүстік-батысында қар жоқ екенін айтты. Ал солтүстік-шығыс пен оңтүстік-шығыс аумақтарында қардың мөлшері айтарлықтай көп. «Табиғи апат қаупі тек ауа райы күрт жылынған жағдайда ғана болады. Дегенмен, биыл жүргізілген дайындық шаралары мен ауа райы болжамы табиғи апаттың болмауына үміт береді», - дейді мамандар.
Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Асет Асайынов
Фото: www.inform.kz