Атыраулық экс-полиция қызметкерінің ашық хатындағы қылмыстық істер тексерілуде

Қылмыстық істер Бас прокуратурасының бақылауында тұр.

Әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бұрынғы полиция қызметкері Манарбек Өтеуовтің Атырау қаласы ІІБ қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттердің фактілері көрсетілген ашық хаты жарияланды.

Осы ретте, 2016 жылдың 22 ақпанында Атырау облысы прокуратурасының Арнайы прокурорлар басқармасы ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабының 2-б. (жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу), 361-бабының 2, 4-б. (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану), 28 3-б. – 191-бабының 2-б. 3-т. (бөтеннің мүлкін ашық жымқыруын ұйымдастыру), 191-бабының 2-б. 1,2-т. (күш қолданып тонау), 125-бабының 2-б. 8-т. (пайдакүнемдік ниетпен адамды ұрлау), 99-бабының 2-б. 3, 5, 8, 10-т. (адам өлтіру), 362-бабының 4-б. 1, 2, 3-б. (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану), 188-бабының 3-т. (аса көп мөлшерде жасалған ұрлық), 380-б. 1-б. (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша Атырау қ. ІІБ криминалды полиция бөлімінің бұрынғы жедел уәкілі М. Өтеуовке және ҚР ҚК 188-б. 3-б. (аса көп мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша Өзбекстан Республикасының азаматы А.Құрбанбаевқа қатысты қылмыстық істің аяқталғанын хабарлаймыз.

29 ақпанда аталған қылмыстық істі қарау үшін Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына жолданды. Сот отырысы а.ж. 28 наурызына тағайындалды.

Тергеу барысында күдікті М.Өтеуов барлық эпизодтар бойынша кінәсін мойындады. Сонымен бірге, ол Атырау қ. ІІБ криминалды полиция бөлімі қызметкерлерінің қала аумағында әртүрлі қылмыстарды ұйымдастырғанын, бірқатар қылмыстық істерді қолдан жасағанын көрсетті.

Осы ретте, Арнайы прокурорлар басқармасы ҚР ҚК 361-б. 2-б. бойынша қылмыстық істер материалдарын бұрмалау фактілері бойынша Атырау қ. ІІБ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Атырау облысының прокуроры а.ж. 8 ақпанында арнайы прокурордың басшылығымен жедел-тергеу тобын құрды, оның құрамына облыстық ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушілері мен жедел қызметкерлері енді.

Қазіргі уақытта жоғарыда аталған қылмыстық істердің тергелуі шеңберінде М. Өтеуовтің дәлелдері тексерілуде, оларға тиісті процессуалды баға берілетін болады.

Қылмыстық істер Бас прокуратурасының бақылауында тұр.

Фото:kaz.caravan.kz



Следите за новостями zakon.kz в: