Пәкістанның шығысындағы Лахор қаласында өз-өзін жарып жіберген жанкешті «Талибан» ұйымынан екені белгілі болды, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Соңғы мәлімет бойынша лаңкестік әрекеттен қаза тапқандар саны 65 адамға жетті. Тағы 300-ден астамы жарақат алған. Марқұмдардың көбі – әйелдер мен балалар.
Оқиға кеше болды. Жанкешті өзін қалалық саябақтағы балалардың ойын алаңы маңында жарып жіберді. Айта кетейік, Пәкістан әскері 2014 жылдың жазында «Әл-Каида», «Талибан», «Өзбекстанның ислам қозғалысы» атты лаңкестік ұйымдарға қарсы арнайы операция бастаған болатын. Оған 30 мыңға жуық сарбаз тартылды. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше операция басталғаннан бері 3 мыңға жуық содырдың көзі жойылған.
Фото:free-news.su