Оңтүстік Қазақстан облысында ойыншық өндірісі жанданып келеді

Соңғы үлгідегі қондырғылар айына 6 мың данаға дейін түрлі ойыншық жасап шығара алады. Шикізат шетелден әкелінеді.

Шымкентте азық-түлік пен құрылыс заттарынан бастап ойыншыққа дейін шығарылады. Балаларға қуаныш сыйлаған кәсіпорын бұған дейін тез жиналатын қарапайым машиналар ғана жасайтын еді. Енді күрделі және үлкен ойыншықтар құрастыруды қолға алмақ. Себебі отандық өнімге сұраныс артқан. Мемлекет қолдауының арқасында аяқтан тұрған өндіріс орны болашақта ішкі нарықты толықтай Қазақстанда жасалған ойыншықтармен қамтамасыз етпек, деп хабарлайды "Қазақстан" ҰТА.

Соңғы үлгідегі қондырғылар айына 6 мың данаға дейін түрлі ойыншық жасап шығара алады. Шикізат шетелден әкелінеді. Сондықтан сапасы жоғары. Техниканың тілін жергілікті жастар толық меңгерген. Бұзылса, өздері жөндеп алады. Ойыншық сапалы болуы үшін технология қатаң сақталуы керек. Қателессең, еңбек еш кетеді.

Кәсіп иесі Рабиға Байтемірова бір кездері базарда тұрып, ойыншық сатқан. Оның өз ісімді ашсам деген арманы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асты. Іскер келіншекке жары мен Қытайда білім алған ұлы да қолдау білдіріпті. Наурызбек шетте оқып жүріп ойыншық жасаудың қыр-сырын толық үйреніп келді.

«Түрлі өнім шығарып жатырмыз. Сұраныс жақсы болып тұр. Ойыншықтардың сапасы жақсы, сертификаты бар. Енді ішіне кішкентай балалар отырып алып, жүргізетін машина жасап шығарғым келеді», - дейді кәсіпорынның менеджері Наурызбек Байтеміров.

Кәсіпкер істі бастамас бұрын ішкі нарықты толықтай зерттеп шыққан. Ол қазіргі бүлдіршіндердің талғамы жоғары екендігін айтады. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын кәсіпорын болашақта Шымкенттегі индустриялды аймаққа көшпек. Қосымша қондырғылар әкеліп, қуыршаққа дейін шығару жоспарда бар.

Фото:news.caravan.kz

Следите за новостями zakon.kz в: