Зеленов аудандық №2 сотының үкімімен ресейлік азамат ҚР ҚК 287-бабы 3-бөліміне (оқ-дәріні заңсыз сақтап, тасымалдау) сәйкес айыпты деп танылып, оған 500 АЕК көлемінде 1 млн. 60,5 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Зеленов ауданы «Шаған» шекаралық бақылау бекетінде РФ азаматы айдап келе жатқан «Лексус» автокөлігінің ішінен біреуі «шолақ» аңшы мылтығына, екеуі 12 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығына арналған 3 дана оқ-дәрі табылған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, оқ-дәрілер атуға жарамды болып шыққан.
Сотқа дейінгі тергеу барысында Зеленов ауданының прокуроры және сотталушы қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарын сақтай отырып, кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімге келген. Үкімнен кейін оқ-дәрілер жоюға жіберілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Елжан Ералы
Фото:www.kursiv.kz