«Bek Air» әуекомпаниясының ұшағына қатысты іс ҚР Бас прокуратурасының жіті бақылауында

Қазіргі уақытта прокуратура органдарына ұшақ жолаушыларынан ешқандай шағым түскен жоқ.

«Bek Air» әуекомпаниясы ұшағының аппатты жағдайда қонуына қатысты іс ҚР Бас прокуратурасының жіті бақылауында. Бұл туралы ҚР Бас көлік прокуратурасының ресми өкілі Әділет Тоқтамысов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Аталған факт сот алдындағы тергеу амалдарының бірыңғай реестріне ҚР ҚК 344-бабының 1-бөліміне сәйкес тіркелді. Қылмыстық іс Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне алынды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді ол.

«Қазіргі уақытта прокуратура органдарына ұшақ жолаушыларынан ешқандай шағым түскен жоқ. Жолаушылар прокуратура органдарына және Азаматтық авиация комитетіне шағымдана алады. Бұл арыздар «Заңды және жеке тұлғалардың шағымдарын қарау тәртібі туралы» заңның аясында қаралатын болады», - деп түйді сөзін ресми өкіл.

Айта кетейік, 27 наурыз күні «Bek Air» авиакомпаниясының  «Фоккер-100» типті әуе кемесі « Қызылорда-Астана» бағдарымен рейс орындауы барысында шассидің алдыңғы тіреу тағанының істен шығуына байланысты апаттық жағдайда жерге қонған болатын.

Кесте бойынша ұшақ Астанаға 09.45-те қонуға тиіс болатын. Алайда штаттан тыс жағдайда өрт шығу қаупін мейлінше азайту қажет болды. Осыған байланысты ұшақ әуеде қосымша 50 минуттай уақыт ұшып жүрді. Осы уақыт аралығында Астана әуежайы өрт болу қаупінің алдын алу мақсатында ұшу-қону жолағын көбікке толтырды. Қосымша 7 өрт техникасы мен 4 жедел жәрдем машинасы әзірленді.

Ұшақ  10.36 -да қонды.  Ұшақ бортында 116  жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болды. Жапа шеккендер жоқ.

Әуежайдың, қаланың шұғыл қызметтерінің үйлесімді жұмысы мен әуе кемесі экипажының жоғары кәсібилігін атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта ҚР ИДМ арнайы комиссиясы құрылды. Зерттеу нәтижесі кейінірек хабарланатын болады.

Жасұлан Жолдыбаев

Фото:prokuror.gov.kz

Следите за новостями zakon.kz в: