Көктөбе саябағы түрлене түспек. Алдағы уақытта демалыс орнына тағы екі аттракцион орнатылады. Ол арнайы шетелден әкелінбек. Сонымен қатар, саябақта көгалдандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 1650 ағаш отырғызылған. Демалушылардың ыңғайлылығы үшін бар жағдай жасалатын болады. Жаңа шатырлар тұрғызылып, мейрамхана бой көтереді, деп жазады Алматы телеарнасы.
Қаланың қонақ баратын жеріне айналған саябақ ажарлана түседі. Демалыс орнында салынатын екі аттракцион арнайы Италиядан әкелінбек. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Биіктігі 40 метрді құрайтын «Аспандағы би» атты аттракцион бір мезетте 24 адамға қызмет көрсетеді. Ал, экстремал жандар үшін «Диско» аттракционы бой көтереді. Мұндағы қалқалар алынып тасталып, ұлттық нақыштағы шатырлар тұрғызылады.
"Мұнда туристер көптеп келеді. Сол себепті шатырды әрлеуде ұлттық оюлар пайдаланылады. Қазір шеберлер оны дайындап жатыр. Ол көктем мен жаз мезгілінде дайын болады деп күтілуде. Оған қоса, салынатын мейрамхана да ұлттық нақышта жасалады",- деді «Көктөбе» саябағының директоры Нұрлан Қазиев.
Көктөбе саябағындағы алма бейнеленген мүсін қалпына келтірілмек. Сонымен қатар, оның жанында жаңа субұрқақ тұрғызылады. Бұған дейін әлеуметтік желі пайдаланушылары саябақта кесілген ағаштарды қызу талқыға салған болатын. Саябақ жетекшілігінің сөзінше, бұл шара қауіпсіздікті күшейту үшін жасалған. Енді оның орнына көктем мезгілінде 4000 ағаш егіледі. Одан бөлек, демалыс орнында Жапон елінің басты символының бірі - сакура ағашы отырғызылған.
"Отырғызылатын ағаш түрлері сан алуан. Олардың арасында жөке, ірі жапырақты және жеміс ағаштары бар. Сондай-ақ бұл жер желді болғандықтан, үйеңкілер де отырғызылады",- деді ландшафт дизайнері Ольга Мельникова.
Осы уақытқа дейін саябақта 1600-ден аса көшет егілген. Демалыс орнында көгалдандыру жұмысына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов те атсалысты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Перизат Көмекбайқызы, Ардақ Камал, Мұрат Тайжан
Фото:www.adme.ru