Палата Бюросының қаулысымен осыған дейін Аппарат басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарған Жаслан Есенғалиұлы Жүгінісов ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды "Қазақстан" ҰТА, Мәжілістің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Ж.Жүгінісов 1978 жылы 17 сәуірде дүниеге келген. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медициналық академиясын, К.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетін бітірген. Ол дәрігер сонымен қатар, жоғары кәсіби білімі бар заңгер.
Еңбек жолын 2001 жылы Ақтөбе қаласындағы «Рамазан» ЖШС-нің менеджері қызметінен бастаған. 2004-2006 жылдары «Тянь-Шань Ақтөбе» ЖШС-нің директоры болған.
2006-2008 жылдар аралығында Ақтөбе қаласы прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, Ақтөбе прокуратурасының мемлекеттік органдардың қызметтерінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.
2008-2011 жылдар аралығында депутаттың көмекшісі, бас кеңесші, сектор меңгерушісі, ҚР Парламент Мәжілісі аппаратының ақпараттық-сараптау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған.
2011-2012 жылдары ҚР Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, 2012-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің аппарат жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталған.
Фото: kaztv.kaztrk.kz